Сырым аудандық соты 56 миллион теңге жымқырған ТКШ басшысына 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы хабарлады.
Тергеу барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бұрынғы басшысы қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланып, мемлекетке 56 миллион теңгеден астам залал келтіргені дәлелденді.
Прокуратура нақты қандай заңбұзушылық жасағанын анық көрсетпеген.
Айта кетейік, 2025 жылдың 7 шілдесінде Сырым ауданындағы Қособа ауылының кіре беріс жолын орташа жөндеуге бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Мердігер компания — БҚО мәслихатының депутаты Оганнес Минасянның иелігіндегі «Ануш Құрылыс» ЖШС. Компания бір жылда жол жөндеу бойынша жалпы құны 8,3 млрд теңге 11 тендерді ұтып алған.
фото: ehistory.kz

