Арнаулы мемлекеттік қордан БҚО-да сумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялауға арналған 11 жобаға 5,5 млрд теңге бөлінді. Бұл жөнінде Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Тоғыз нысанға 4,3 млрд теңге көлемінде қаржының негізгі сомасы бөлінеді. Ал 1,8 млрд теңге 1,7 мыңнан астам тұрғыны бар Қаратөбе ауданының Төлен, Сәуле және Қарақамыс елді мекендеріне сумен жабдықтаудың магистралды жүйелерін салуға, 2,5 млрд теңге Теректі, Қаратөбе аудандарының сегіз ауылында, сондай-ақ Бәйтерек ауданында сумен жабдықтау желілерін салуға берілген.
Сонымен қатар Бәйтерек ауданы Кирсанов ауылының тұрғындарын сумен қамтамасыз етуге және Жәнібек ауданындағы Урдин топтық су құбырын қайта жаңартуға 1,2 млрд теңге бөлінеді. Қазір жұмыс 60% орындалды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, Батыс Қазақстан облысында сапалы ауыз сумен қалалар 100%, ал ауылдық елді мекендер 97% қамтылған.
Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан 400-ден астам әлеуметтік маңызы бар жобаны салуға 375 млрд теңге бөлінгенін хабарлады. Мектептер, ауруханалар, спорт кешендері, сумен жабдықтау нысандары және басқа да нысандар салынып жатыр. Қазір 44 нысан аяқталып, ел игілігіне берілген.
Осыған дейін 2024 жылы Арнаулы мемлекеттік қорға 176,3 млрд теңге түскенін жазған едік. Жалпы 2022 жылдан бері 1,5 трлн теңге көлемінде активтер қайтарылған. Оның ішінде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша өндірілген сомалар мен мүліктер бар.
Сондай-ақ 12 млрд теңгеге әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша төрт келісімге қол қойылды. Оның бірі Алматы қаласында заманауи мәдениет орталығын салу жобасы болды.
Фото: Freepik.com

