Қазақстанда мектептерді санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының тексеру тәртібіне қатысты заңнамалық өзгерістер енгізу көзделіп отыр.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектептердегі санитарлық жүйе іс жүзінде нақты бақыланбайтынын айтты.
Оның сөзінше, салаға қатысты жылдар бойы қордаланған мәселелер бар:
• Тексерулерді алдын ала ескерту қажет;
• Қызметкерлер өздерімен бірге рұқсат қағаздарын жинауы тиіс;
• Айыппұлдар мектеп директорларына салынады, тіпті ол бұзушылыққа тікелей қатысы болмаса да;
• Шынайы бақылау мүмкін емес.
Депутаттың айтуынша, ұсынылған өзгерістер мәселені шешуге жол ашады. Ол бақылау жаңа форматта жүргізілетінін айтты.
Енді мектеп асханаларын тексеру үшін алдын ала ескерту жасалмайды. Бастапқы тексеру кезінде бірден айыппұл салынбайды. Алдымен ескерту, кеңес, ұсыныс беріледі. Сондай-ақ мектептер мен лагерьлерде жыл сайын оқу жылы алдында жоспарлы тексеріс жүргізіледі. Ендігі жерде қаржылық шығынды талап ететін бұзушылықтар үшін директор емес, әкімдік жауапты болады.
Сонымен қатар балалардың өміріне қауіп төнген жағдайда жедел шаралар қолданылады. Яғни, асхана уақытша жабылып, қызметкерді шеттету шарасы қабылданады. Мектеп асханаларына азық-түлік жеткізушілерге арналған арнайы тізілім енгізіледі. Қызметіне адалдық танытпаған жеткізушілер қадағаланады.
Ел мектептерінде балалардың астан улануы жиі кездеседі. Осыған дейін жазғанымыздай, Маңғыстауда 400-ден астам оқушы астан уланды. Кейін Қазақстандағы барлық мектеп тексерілетіні белгілі болды.
Ақтөбе облысында да бастауыш сынып оқушылары тамақтан уланды. Оның ішінде 23 оқушы тәтті тағамнан уланып, тоғыз оқушы ауруханаға түсті.
Алматыда мектеп асханаларында тамақтану сапасын бақылауды күшейту үшін мониторингтік комиссия құрылды.
Фото: Freepik.com

