Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сот жалғасып жатыр.
Бүгін жәбірленуші Руслан Берденов сот процесіне онлайн режимде қатысты. Осыған дейін ол сот отырыстарына қатысқан жоқ. Себебі ем қабылдап жатыр. Өткен сот отырысында судья Берденовті сотқа шақыртқан еді.
Бүгінгі сот отырысында айыпталушы Ернар Жиембай жәбірленушіден кешірім сұрады. Алайда Руслан Берденов айыпталушы әділ жазасын алуы керек деп талап етті.
Ернар Жиембайға Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылған.
Прокурор айыпкерге 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ол бұл істе жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайлар бар дейді. Оның ішінде айыпталушының кәмелетке толмаған балаларының болуы – жеңілдететін жағдай ретінде, ал қылмыстың мас күйде жасалуы – ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылады.
Еске салсақ, 21 сәуір күні Руслан Берденовті әкімдікке қарасты ЖШС басшысы атып кетті. Ауыр жарақат салдарынан шенеунікке ауруханада ота жасалды. Берденовтың сөзінше, қазір оның денесінде әлі 60-тан астам қорғасын оқ бар. Қазір аталған іс бойынша сот өтіп жатыр.
Фото Берденовтың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

