25-27 мамыр күндері Астана қаласында өткен ауқымды жиында киік мәселесі талқыланды. Елордада халықаралық ұйымдар – Бонн конвенциясы, NABU (Герман табиғатты қорғау бірлестігі) өкілдері, шетелдік университеттердің профессорлары мен зоологиялық қоғам мүшелері және еліміздегі ведомство басшылары мен сарапшы-ғалымдар бас қосты. Киік санын реттеу бойынша стратегия жасақтауға ұсыныс-пікірін білдірген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры, жергілікті сарапшы Табылғали Сапаров мәжіліс аясында қызу пікірталасқа белсене қатысты.
– Табылғали Сатқалиұлы, жуырда Астана қаласында Экология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған іс-шараға қатысып, шетелдік сарапшылармен кездестіңіз. Шетел ғалымдары киікті азайтуға рұқсат етті ме?
– Халықаралық ұйымдардың сарапшыларымен кездесуде киік санын реттеу мәселесі талқыланды. Киік мүйізін экспортқа шығару үшін жабайы аңдардың қоныс аударушы түрлерін сақтау туралы конвенцияның рұқсаты қажет. Шетел мамандары, бір жағынан, Қазақ-станда, әсіресе Батыс Қазақ-стан облысында Орал популяциясының күрт өсіп кеткеніне қуанды, бір жағынан, өңірге арнайы келіп, ақбөкендер санын реттеу керек екеніне көз жеткізді. Алдағы уақытта сарапшылар келісімімен мемлекет киік санын реттеуге байланысты ережені қабылдамақ. Біздің пікірімізді ескере отырып, киік өнімдері есебінен түскен қаражатты жинауға арналған қор құрылады. Осы қорды кім басқарады? Біз қорды қадағалайтын кеңес құруды ұсындық. Егер шаруаның жайылымын, шабындығын немесе егістік алқабын отап кетсе, осы қордан өтемақы төленуі тиіс. Осыған байланысты билік тарабы бірден сақтандыру қоры ретінде ашуды ұсынып еді. Мұның шаруаларға тиімсіз болатынына дәлел-дәйек келтірдік. Одан соң сақтандыру қорын ашуды кейінге шегерді.
– Өңірдегі киік мәселесін жан-жақты тұрғыда зерттеп жүрсіз. Киіктердің нақты ареалы туралы мәлімет берсеңіз?
– Шетелдік сарапшылар Қазақстан жерін мамонттар өмір сүрген кезеңнен бергі киіктің тарихи отаны деп санайды. Сол себепті сайғақтар сайын далада емін-еркін жайылуы керек, оларды жай ғана үркітіп жіберу керек деп есептейді. Біз бұл уәжбен келіспейтінімізді айтып, осыдан 50 жыл бұрын өз көзімізбен көрген жағдайды баян еттік. Киіктер Жаңақала ауданының аумағында, яки Қамыс-Самар көлдері маңында, сондай-ақ Бөкей ордасы мен Тайпақ жерінде, Ақжайық ауданының оңтүстігі мен Атырау облысының аумағында және Капустин Яр әскери полигоны орналасқан жерде емін-еркін жайылды. Бертін келе осы аталған аумақтардағы өзен-көл тартылып, тоғандар кеуіп қалды. Қуаңшылық салдарынан суат іздеген киіктер өзен жағалап қоныс аударды. Киік мәселесін шешу үшін бұрын мекендеген жерлеріне су жіберуге, шөлейт аймақтарды суландыру жүйесін жаңғыртуға көңіл бөлуіміз керек. Ақбөкендерді ату не аулау арқылы түйткілді түбегейлі шеше алмаймыз. Дала жануарының біз білетін тарихи мекеніне оралуына ықпал етуіміз қажет, ол үшін суат жасау – кезек күттірмейтін міндет.
– Киіктердің ежелгі мекеніне суды қалай жеткізуге болады?
– Тарқатып айтайын, облыстағы Сарыөзен суын Бөкей ордасы аумағына жаңа су құбыры арқылы жеткізуге болады. Ал Сарыөзенді Қараөзен суымен, ал Қараөзенді Жайық суымен толықтыруға болады. 2006 жылы облыстық бюджеттен 300 миллион теңге қаржы бөлініп, Жайық пен Қараөзенді жалғайтын Первомай – Локтев – Балықты арнасы Әжімбет каналына дейін күрделі жөнделді. Ал Әжімбет каналы арқылы жыл сайын Қараөзенге секундына 5-6 текше метр су құйылуы керек еді. Астанада өткен жиында осы жобаның әлі күнге жүзеге аспағанын Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаровқа мәлім еттім. Комитет төрағасы бұл жөнінде хабарсыз екенін айтып, су арнасының неге іске қосылмағанын өзімнен сұрады. Мен бұған қатысты сауалға «Қазсушар» РМК жауап беруі керек деп есептейтінімді жеткіздім. Одан бөлек республикалық бюджет есебінен бірнеше миллиард теңгеге жаңғыртылған Киров – Шежін су магистралі арқылы Жайықтың суы Қараөзенге жеткілікті мөлшерде жеткізілмей отыр. Осы магистраль арқылы Жайықтан Қараөзенге тәулігіне 600 мың текше метр (тонна) су құюға болады. Сонда аталған екі канал арқылы Қара-өзенге 160 миллион текше метр су жеткізер едік. Осы жерде айта кетейін, 29 мамыр күні Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ғалидолла Азидоллиннің қабылдауында болып, барлық жайтты бүкпесіз баяндадым. Құзырлы ведомстволар басшыларының алдында мәселе көтеріп, уәж айтуымызға Астанадағы жиынға арнайы қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Арман Өтеғұловтың біраз еңбегі сіңді.
– Өңірде су тапшылығы өте өзекті. Бөкей ордасы мен Жаңақала ауданындағы су қоймаларын толықтыру үшін қандай қадамдар жасау керек?
– Су тасқынынан кейін, яғни жазғы уақытта Жайық – Көшім суландыру жүйесі арқылы секундына 5-6 текше метр су ағады, мұны тіпті жоққа жақын десе болады. Сондықтан Жайық өзені суының деңгейін көтеру үшін Көшім каналы шығатын тұсқа қалқымалы шлюз орнатуды ұсындық. Қалқымалы шлюз арқылы өзен арнасын жартылай бөгеу керек. Соның нәтижесінде су деңгейі 1 метрдей көтеріледі. Сонда Көшім каналына секундына 35 текше метр, тәулігіне 3 миллион текше метр су айдауға болады. Сайып келгенде, 50 күн ішінде 150 миллион текше метр су жинап алуға болады. Ал Қараөзен мен Сарыөзен және Көшім мен Мұқыр арналары арқылы Қамыс-Самар көлдерін толықтыру үшін 200 миллион текше метр су қажет. Көктемгі су тасқыны кезеңін есепке алғанның өзінде биыл облыс 450 миллион текше метр су жинап алуға қауқарлы. Егер алдағы екі айда Жайыққа қалқымалы шлюз орнатып үлгерсек, екі айдың ішінде облысқа қажет 150 миллион текше метр суды каналдар арқылы жеткізуге мүмкіндік туады. Сонда Жайықтан облысқа бөлініп тұрған 600 миллион текше метр суды алуға болады. Оған қосымша Ресейден 147 миллион текше метр Еділ суын сатып алуға бюджеттен қаражат бөлінді. Ал Еділ суы Қараөзен мен Сарыөзенге құйылады.
– Сонда қам-қарекетті ширату керек деп есептейсіз ғой?
– Астана қаласындағы жұмыс сапары барысында келесі күні Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ғалидолла Азидоллинге жолыққанымды айттым ғой. Мен тоқырап тұрған су жобасы мен облыстағы киік миграциясының түпкі себебі жөнінде министр орынбасарына егжей-тегжейлі түсіндірдім. «Қазсушар» РМК облыстық филиалының басшысы Рауан Құсайыновқа алдын ала жолығып, сәуір айында Қамыс-Самар көлдеріне 30 миллион текше метр су жіберуді ұсынғанымды айттым. Бірақ филиал басшысы айтқанымызға дер кезінде құлақ аса қоймады. Сарыкөл мен Қызылжар ауылдары тұсындағы бөгеттер тарс жабық күйінде қалды. Қараөзеннен келген су сай-салаға жайылып, шөлейт жерлерге сіңіп кетті. Қамыс-Самар аумағындағы жыралар мен көлшіктерге су жеткізілгенде, сол жерді мекендеген киіктер бері қарай жосылмас еді. Құралай маусымы өткеннен кейін сол аумаққа оралар еді. Қазір ақбөкендер Ақжайық, Бәйтерек ауданына дейін жетті. Тіпті Тасқала ауданының фермерлері киіктің егінге түскенін айтып, дабыл көтеруде. Содан, Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ғалидолла Азидоллин уәжімді мұқият тыңдаған соң, биыл Қамыс-Самар бағытына 30 миллион текше метр су жіберуге келісім берді. Оған қоса Жайыққа орнатылатын қалқымалы шлюз құрылысына 300 миллион теңге бөлу қажет екенін, осы жобаға жауапты етіп «Қазсушар» мекемесін бекіту керектігін айттым.
Ғ.Азидоллин жуық арада бұл жобаны жүзеге асыру мәселесін пысықтауға уәде етті.
– Табылғали Сатқалиұлы, құзырлы ведомстволардың нақты іске кіріспестен екіұшты жауап айтумен шектеліп келе жатқаны ақиқат. Киік мәселесін шешу үшін заң аясында нақты тетіктер қалыптастыру керек шығар?
– Халықаралық ұйымдардың сарапшыларымен және министрлік өкілдерімен кездесуге Мәжіліс депутаты Абзал Құспан да қатысты. Депутат әр тараптың өз уәжі бар екенін ескере отырып, пікірталас нәтижесінде киік санын реттеуге байланысты арнайы заң жобасын қабылдау керек деген ұсыныс айтты. Мәселен, елімізде ҚР «Ветеринария туралы» заң бар. Ал ветеринарлар малды бірдейлендіруге қатысты заң талаптарын орындайтынын ғана алға тартады. Ал киікке қатысты ешқандай нақты нұсқау көрсетілмеген. Өңірдегі ақбөкендер саны 2 миллионға жетті. Ал қойдың басы 1,5 миллионға да толмайды. Киіктің кесірінен төрт түлікке ауру жұғатын болса, оған кім жауап береді? Сайғақтың етін, мүйізін, терісін пайдалану жолдары әлі нақтыланған жоқ. Одан бөлек Су кодексі бар, бірақ ақбөкендерді сумен қамтуға қай құрылым жауапты екені онда тағы көрсетілмеген. Сондықтан арнайы заң жобасын қабылдап, әр ведомствоға жүктелетін мақсат-міндетті айқын көрсету керек. Сонда ғана киік санын реттеу мәселесі жүйелі түрде шешімін табады.
– Қорыта айтқанда, киік мәселесін шешу үшін кешенді жоспар құрып, нақты істер атқарылса, оның пайдасы өңір халқы үшін ұшан-теңіз болады деп сенесіз ғой…
– Біріншіден, киік санын міндетті түрде реттеу керек. Ақбөкенді кімдер аулайды? Ол үшін жергілікті тұрғындарға арнайы квота бөлу керек. Бұрынғы кезеңде Жаңақала ауданында киікті аулаудың ерекше әдісі қолданылды. Соны қайтадан қолға алу керек деген ойдамын. Кеңестік кезеңде күндіз арнайы дөңгеленте тор құрып, оған киікті топ-тобымен айдайтын. Соның ішінде айнала шапқан киіктердің торға ілініп қалғанын қасапшылар бірден бауыздай беретін. Осы әдіс арқылы тәулігіне 200 киікті союға болады. Содан, бірден терісі мен етін өңдеуге жіберіп, мүйіздерін арнайы қоймаға сақтай беру керек. Нәтижесінде киік аулау жария түрде жүзеге асады, барлық үдерісті тұрғындар мен қоғам белсенділері қадағалай алады. Екіншіден, Жайықтан Қамыс-Самар көлдеріне жыл сайын тұрақты түрде су жеткізу керек. Сонда осы аймақ қайта түлеп, аңқасы кепкен арналар, өзен-көлдер қалпына келіп, балық көбейіп, сулы-нулы жерге аң-құс оралады. Үшіншіден, сайын дала төсінде экотуризмді жандандыруға болады. Киіктерді көруге шетелдіктер ерекше құмар. Туристер үшін арнаулы маршрут құрып, түйемен құм кешуге, одан кейін сапарын жол талғамайтын көліктер мен мотоциклдер арқылы жалғастыруға жағдай жасаған жөн. Туристік база жасақтап, маршрут жолына далада түнеп шығатын қосындар құру керек. Даладағы сайғақтарды, түрлі аң-құсты көріп, нағыз экзотикалық демалыс тынысын сезінер еді. Соның арқасында мобильді интернет пен ұялы байланыс сапасы күшейер еді. Төртіншіден, Бөкей ордасы ауданына, Атырау облысына қарай, Бекетай мен Нарын құмы арасындағы жазықтыққа Сарыөзеннен су құбырын тарту керек. Бесіншіден, киікке арналған қор қаражатын жергілікті жерде әлеуметтік салаларды дамытуға жұмсауға болады. Қор қаражатының өңірдегі киік санына орай әділетті түрде бөлінуін талап етеміз. Осы жобалардың арқасында аудан-ауыл бюджеті толығады.
Сұхбаттасқан
Нұртай АЛТАЙҰЛЫ