Қазақстандағы энергия балансының шамамен жартысын құрайтын көмір алдағы жылдары да негізгі отын көзі болып қала береді. Бұл туралы «Каспий» тауар биржасы» АҚ-ның 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған аналитикалық есебінде айтылған.
Қазақстан көмір қоры бойынша жаһандық ондыққа енеді. Қазір ел аумағындағы қор 25-33 млрд тоннаны құрап отыр. Бұл елге келесі 200-300жылда көмір ресурстарын тұрақты пайдалануға мүмкіндік береді.
Дереккөзге сәйкес 2024 жылы әлемде көмір өндіру көлемі 9,15 млрд тоннаға жеткен. Дүниежүзілік банктің болжамынша 2025 жылы көмір бағасы тоннасына 100 долларға дейін төмендеп, 2026 жылы тағы 5%-ға арзандауы мүмкін.
Энергияны тұтыну құрылымында көмірдің үлесі 50%-ды, жылу энергиясындағы үлесі 80%-ды құрайды. Көмір секторының ЖІӨ-ге қосқан үлесі шамамен 0,7—1,1% аралығында. Бұл салада 33 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Оның ішінде Қарағанды мен Павлодар облыстары үшін көмірдің экономикалық маңызы айқын байқалады.
«Коммуналдық-тұрмыстық көмірдің биржалық саудасы – бағатұрақтылығын қамтамасыз ететін және делдалдарды азайтатын маңызды құрал. Бұл шешім көмір сапасын бақылауға, манипуляциялардың алдын алуға және болашақта нарықты тиімді реттеуге мүмкіндік береді», – деді «Каспий» тауар биржасы» президенті Мұрат Қадисов.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың шілдесінде үкіметтің тапсырмасы бойынша көмір өндірісін реттеу функцияларын Энергетика министрлігіне заң жүзінде беру процесі басталды.
Энергетика министрлігі Қазақстанның энергетикалық балансындағы көмір үлесін қазіргі 70%-дан 35-40%-ға дейін азайтуды жоспарлап отыр. Жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру және жасыл экономикаға көшу көмірді біртіндеп нарықтан ығыстыруы мүмкін.
фото: freepik.com

