«Жайық қалашығы тарихи-мәдени музей-қорығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны директоры лауазымына Мирболат Ерсаев тағайындалды. М. Ерсаев 2014-2025 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейін басқарды. Музей директоры қызметін атқарған кезде бірнеше ірі жобаны жүзеге асырды.
Мирболат Бижанұлының басшылығымен көптеген халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, мәдени-көпшілік шаралар, экспедициялар, форумдар, семинарлар ұйымдастырылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Рухани жаңғыру» музейі ашылды. 2024 жылы Ұлттық домбыра күніне орай республикада тұңғыш рет «Ұлттық домбыра» музейі іске қосылды.
Облыстық музей құрылымдарында көптеген өзгеріс орын алды. 2019 жылдың сәуір айында «Маркетинг технологиялары және цифрландыру» бөлімі ашылды. 2018-2019 жылдары мәдениет ұйымдарын оңтайландыру барысында алты музей, 2020 жылы облыстық тарих және археология орталығы облыстық музейдің бөлімдері болып тіркелді.
Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі — М. Мәметова мемориалдық музейінде 1993 жылы жасалған «Мәншүктің өшпес ерлігі» диорамасы жаңа заманауи қондырғылармен 3D mapping жүйесі бойынша жабдықталды. Мәметова музейіндегі диорама көрермендер үшін өте әсерлі көріністің бірі болып есептелінеді.
Облыстық музей көптеген игі шараның өтуіне мұрындық болды. Күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай халықаралық ғылыми экспедиция мен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
БҚО тарихи-өлкетану музейі атқарған жобалар:
- «Жауқазын-2016» . Аталмыш жоба аясында облыс аудандары балалар шығармашылығы орталықтарының көрмелері жабдықталды;
- «Ел іші — өнер кеніші». Жоба аясында жергілікті қолөнершілердің туындыларынан «Көкейімде бар әлем», «От рукоделия к бизнесу» көрмесі жасақталды;
- «Музейстар-2019». Жобаға М. Өтемісов атындағы БҚМУ, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті, Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің көрмелері ұсынылды.
Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына — 2021» фестивалінің республикалық кезеңінде «Музей жанашыры» аталымын Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры М. Ерсаев иеленді.
Ерсаев жаңа мекеме жұмысын Семей қаласында Жайық қалашығы көрмесін өткізуден бастамақ.
«Еліміздің мемлекеттілік дәстүрін танытатын бірегей ескерткіш – Жайық қалашығының ғылыми және мәдени әлеуетін барынша ашу – басты мақсатым болмақ. Бабалар аманатын асқақтатып, Жайық қалашығын жаңа деңгейге көтеру жолында аянбай еңбек етпекшіміз. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік», — дейді М. Ерсаев.

