Шерзат Болаттың ісі бойынша айыпталғандардың бірі – 16 жастағы Думан Ысқақ бостандыққа шықты. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев Instagram парақшасында хабарлады.
Думан Ысқақ қылмыстық кодекстің 433-бабы (Қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру) бойынша 1 жыл 6 айға сотталды.
Қайғылы оқиға күні ол көршісі Нұрбол Тоқтаубаевтың көлігінде болған. Сотта Думан Ысқақ атыстың мән-жайынан толық хабардар емес екенін мәлімдеді. Марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымбаев сот кезінде оған кешірім берді.
Адвокаттың айтуынша, 23 шілдеде Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы айыпталушыны босату туралы шешім шығарған.
Думан Ысқақ тергеу абақтысында 6 ай отырды. Заңнамаға сәйкес, тергеу изоляторының алты айы түрмедегі бір жылмен парапар. Сәйкесінше ол соттың бірінші инстанциясы тағайындаған 1 жыл 6 ай мерзімді толығымен өтеп шықты.
Естеріңізге салайық, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Болат қайтыс болды. Оқиғадан кейін екі күн өткен соң марқұмның әкесі, туыстары мен қала тұрғындары ереуілге шығып, әділ тергеу талап етті.
2025 жылғы 5 маусымда бұл іс бойынша сот үкімі шығып, 9 адам бас бостандығынан айырылды. Бас айыпталушы Абзал Шынасыл ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Адам өлтіру), 293-бабы (Бұзақылық) және 24-бабы (Қылмысқа дайындалу) бойынша кінәлі деп танылып, 23 жылға бас бостандығынан айырылды.
Шерзат Болат ісі бойынша аппеляциялық сот отырысы 18 тамызға тағайындалған.
фото: Сот отырысынан үзінді

