2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы банктерде депозит қоры 24,5 трлн теңгеге жеткен.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, сауалнамаға қатысқан респонденттердің 85%-ы жинақтарын теңгемен сақтауды жөн көреді. Қатысушылардың 12%-ы АҚШ долларын таңдаса, 2,5%-ы басқа шетел валюталарына сенеді. Жастардың 80%-дан астамы депозиттерін төл валютамен толтырған. Жастар арасында ең танымал депозит түрі – еркін жағдайда ақша жинап, шешіп алуға болатын салымдар (28%).
Сауалнама нәтижесі елдегі азаматтардың басым бөлігі (30%-ы) депозит ашу кезінде нақты мақсат қоймайтынын көрсеткен. Олардың ішінде күтпеген жағдайлар үшін қор жинайтындар – 18,4%, жылжымайтын мүлік сатып алу үшін ашатындар үлесі — 17,7%.
Респонденттер үшін депозит таңдауда басты критерий пайыздық мөлшерлеменің әсері (46,5%) болып тұр. Одан соң ақшаны еркін шешіп алу мүмкіндігі – 35,3%, банктің беделі – 32%, мобильді қосымшаның ыңғайлылығы – 23%, бонустар мен кешбэк – 13%.
Депозиттері жоқ адамдар ақшаны қайда сақтайды?
- 17,7% банк карточкасында сақтайды;
- 13% ақшаларын бизнеске немесе жылжымайтын мүлікке салады;
- Кейбірі қор нарығына инвестициялайды немесе үйде сақтайды;
- 27,6%-ының мүлдем жинағы жоқ.
Сурет: Pexels.com