Абай облысының Бородулиха ауданындағы үш мектептің мемлекеттік сатып алу порталында 200-ге жуық қызметкерінің ЖСН-дары мен басқа да жеке деректерін ашық жарияланғаны анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлімдеді.
Қадағалау органы жүргізген тексеріс нәтижесінде 194 қызметкердің жеке мәліметтері олардың келісімінсіз жарияланғаны белгілі болды. Бұл деректер медициналық тексеруден өтуге байланысты сатып алу құжаттарына енгізілген. Алайда қолданыстағы заңнама бұндай ақпаратты құпия сақтауды талап етеді.
Аудан прокуратурасы мектеп директорларына қатысты ҚР ӘҚБтК 79-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғап, жалпы сомасы 1 млн теңгеден астам айыппұл салды. Сонымен қатар мектеп басшыларына тәртіптік шаралар қолданылды.
2025 жылдың маусым айында TSARKA – Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы интернетте қазақстандықтардың жеке деректері бар 16,3 миллион жазбаның таралғанын анықтады.

