Келесі аптада Астанада LRT-ның бірінші пойызы жолға шығады. Бұл жөнінде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.
Оның айтуынша, 29-30 қыркүйекте «Әбу-Даби» станциясынан «Мәңгілік Ел» бағытындағы көпірге қарай станциялар аралығындағы пойызды іске қосу жоспарланып отыр.
– Алдағы кезде күн сайын жұмыс уақытын, станциялар мен пойыздар санын арттыра береміз. Жалпы тестілеу мерзімі үш айдан алты айға дейін жалғасады, – дейді Жеңіс Қасымбек.
Белгілі болғаны, келесі жылдың басында пойыздар толық іске қосылады. Барлық пойыз желтоқсанның соңына дейін не болмаса қаңтардың ортасына қарай сынақ режимінде жұмыс істейді. Ал жол ақысы жобамен 200 теңге болады.
Еске салсақ, ел аузында «Жемқорлық ескерткіші» деп аталып кеткен қымбат жобаның тарихы 2005 жылдан басталады. 2020 жылы құрылыс кезінде болған ұрлықтарға қатысты тергеу басталды. Кейін сот процесі жүргізілді.
Мамырда Түркияның Анталия қаласында Астана LRT компаниясының басшысы Талғат Ардан ұсталды. Ол 2019 жылдан бері халықаралық іздеуде болды. Бұл іс Астанадағы LRT жобасының тоқтап қалуына және мемлекеттік қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына байланысты қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Былтыр Astana LRT-ның 2025 жылдың соңында пайдалануға берілетіні айтылды. Жеңіл рельсті желінің жалпы ұзындығы 22,4 км құрайды. LRT құрамына 18 станса кіреді. Қозғалыс аралығы 4-5 минутты құрайды.
Фото: Instagram/cts_kz

