Алматыда Burger King компаниясы аутизмге шалдыққан 27 жастағы қызметкерге қатысты жанжалдан кейін екі шетелдік басшыны қызметінен босатты. Бұл туралы мейрамханалар желісі ресми парақшасында мәлімдеді.
Аутизмге шалдыққан Әлібек есімді азамат жұмысынан кеткен соң, 14 ақпан күні оның анасы Жанат Қаратай Threads әлеуметтік желісінде осы оқиға туралы жазба жариялады.
Әлібек төрт жыл бойы Burger King мейрамханаларының бірінде жұмыс істеген.
Былтыр күзде мейрамхананың басшысы ауысты. Ресей Федерациясының азаматтары, ерлі-зайыпты Сергей мен Анастасия нысанды басқаруды қолға алған.
Желідегі жазбаларда олар Әлібекті жұмыстан кетуге мәжбүрлегені айтылады.
Әлібектің анасы басшылықпен жеке сөйлесіп көруге тырысқан.
«Роботпен сөйлескендей болдым. Елімізге жақында келген азамат инклюзивті адамдармен қалай жұмыс істеу керегін білмейтін секілді», — деп жазлы Жанат Қаратай.
Желі қолданушылары бұл жағдайдан кейін компания басшылығын ауыстыруды талап етті.
Осыдан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жағдайды бақылауына алды, «QSR» ЖШС-на қатысты тексеріс басталғанын хабарлады.
17 ақпанда Burger king Сергей мен Анастасияның қызметтен босатылғанын, мәселе төркінін анықтау жұмысы жалғасатынын мәлімдеді.
фото: itstockphoto.com

