Тіркеуге жарамайтын «русучет» көліктердің «тағдыры» не болмақ?

23 қаңтардан бастап шетелдік көліктерді тіркеу басталады.  ҚР Ішкі істер министрлігі тіркеу рәсімі бірреттік науқан аясында жүзеге асатынын, оның мерзімі 1 шілдеге дейін екенін хабарлады. Былтыр Президент тапсырмасынан кейін ведомстволар мемлекеттік тіркеуден өтпеген көліктердің заңдастыру және кәдеге жарату (утиль) алым мөлшерін төмендету мәселесін шешуге кірісті. Шетелдік нөмірлі көлік иелері тағатсыздана күткен қағида мен ережелерді Ішкі істер министрлігінің өкілдері 13 қаңтар күні жария етті. Мемлекет үшін «Өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» шешім қабылдау қиынға соққаны белгілі. Қабылданған қағиданың өзі қазіргі уақытта қоғам тарапынан қызу талқылануда. Еліміздің кейбір аймағында көлік жүргізушілері наразылығын білдіріп, Үкімет қойып отырған талаптардың бірқатарымен келіспейтіндерін мәлімдеп те үлгерді.

Бұған дейін Колеса.kz сайтындағы «Қазақстандықтар шетелдік көліктерді  аутосақтандыру мерзімін 12 қаңтарға дейін ұзартып үлгеруі тиіс, одан кейін сақтандыруға тыйым салынады» деген ақпарат көпшілікті дүрліктірді. Абырой болғанда, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл ақпаратты терістеп, аутосақтандыру полисін өзге елден келген темір тұлпарды тіркеу науқаны аяқталғанша, яғни шілде айына дейін рәсімдеуге болатынын хабарлады. Сонымен, екінші жартыжылдықтан бастап Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік тіркеуден өтпеген көліктерді жүргізуге, аутосақтандыру жасатуға тыйым салынады. Оған қоса 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап елге әкелінген көліктерді заңдастыру мүмкін болмайды. Мемлекеттік тіркеу тәртібіне мойынсұнбағандарға полиция қызметкерлері 10 айлық есептік көрсеткіш (39 500 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салады. Осы әрекетімен тағы да көзге түскендер 20 АЕК (69 000) мөлшерінде айыппұл төлейді немесе 1 жыл бойына көлік жүргізу құқығынан айрылады.

«Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын алғашқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидалары, шарттары мен мерзімдері» туралы Үкімет қаулысына сәйкес басты талаптарды түсіндіру жұмысы қызу жүргізілуде. Ереже бойынша көлік құралдарын бастапқы тіркегені үшін төленетін алым мөлшерлемесі – 200 000 теңге. Басқа мемлекеттен кірген жеңіл аутокөліктер, шағын және орта аутобустар (толық салмағы 5 тоннаға дейін) және шағын жүк аутомобильдері (3,5 тоннаға дейін), оның ішінде рөлі оң жақта орналасқан көліктерді мына өлшемшарттар бойынша заңдастыруға рұқсат беріледі:

1) 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген;

2) іздеуде жоқ;

3) басқа мемлекеттің құзыретті құрылымында бұрынғы тіркелген жері бойынша мемлекеттік тізілімнен шығарылған;

4) кедендік тазалаудан өткен.

Төртінші тармақшада көрсетілген талаптың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден (Армения, Беларусия, Ресей, Қырғызстан) әкелінген көліктерге қатысы жоқ. Ал Грузия, АҚШ, БАӘ, тағы басқа елдерден тасымалданған көліктер кедендік тазалаудан өтеді. Ол көліктер үшін қосымша мемлекеттік баж салығын төлеуге тура келеді. Қазақстан бастапқы тіркеуге жататын шетелдік аутокөліктердің жасына және экологиялық сыныбына байланысты шектеу қойып отырған жоқ. Ел азаматтары аутокөлігін тіркету үшін «Электронды үкімет» порталы арқылы өтінім жолдай алады немесе мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына (автоЦОН) баруына болады. Орталықта әкімшілік полиция қызметкері мен мемлекеттік кірістер маманы тіркеу тәртібін түсіндіреді. Ішкі істер құрылымдарының сарапшы-криминалисі мәліметтер базасынан көлік туралы деректерді егжей-тегжейлі тексерген соң, екі күн ішінде аутокөліктің тіркеуге жататыны не жатпайтыны туралы иесіне хабарлама жіберіледі.

Көлік иесі 4 құжатты ұсынуы керек:

* өтініш;

* өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

* көлік құралының паспорты (ПТС) немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлік (СТС);

* көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат (Осы мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік жатады. Бұл ретте азаматтық заңнамаға сәйкес берілген сенімхат, егер мұндай құқық сенімхатпен берілген жағдайда, көлік құралына меншік құқығын үшінші тұлғаға беру үшін негіз болып табылады).

Болжамды мәлімет бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізде 300 мыңнан астам шетелдік көлік аутосақтандыру полисін рәсімдеген. Оның ішінде 260 мыңға жуық көлік Ресей Федерациясы, 25,5 мың көлік Қырғызстан, 18 мыңға жуық көлік Арменияның «тумасы» екені белгілі болды. Ішкі істер министрлігінің өкілдері ҚР ҰҚК Шекара қызметі мен бірыңғай сақтандыру деректер базасына сүйеніп есеп жүргізгендерін, көліктерді заңдастыру кезінде бұл мәліметтің әлі нақтыланатынын хабарлады. Елге бөлшек-бөлшек күйінде жеткізіліп, құрастырылған көліктер де заңдастырылуға жатпайды. Министрлік ол көліктер үшін көршілес мемлекеттерде берілген жалған техпаспорттар мен жалған мемлекеттік нөмірлер рәсімделгенін, ондай көліктер құжатын рәсімдеуді мүлдем заңсыз деп танып, оларды бөлшектеп кері сатып жіберуді ұсынып отыр.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, өңірде 168 325 аутокөлік тіркелген. Соның ішінде 19 834-і – заңды тұлғалар, 148 491-і жеке тұлғалар меншігінде. Баспасөз қызметі шетелдік есепте тұрған аутокөліктер ҚР ІІМ дерек қорында тіркелмейтінін хабарлады.

Қалай десек те, шетелдік көліктерді тіркеуге алу мәселесі түбегейлі шешілмей келеді. 2022 жылдың наурызына дейін Армениядан жеткізілген көліктерге сары нөмір беру мәселесі де аяқсыз қалды. Ішкі істер министрлігінің өкілдері үкімет бекіткен ереженің халыққа қолайлы екенін, шетелдік көліктердің 70-80 пайызы мемлекеттік тіркеуден өтетінін айтады. Бірақ қараша халықтың көкейінде бұған қатысты сауал көп-ақ. Шетелден келген біраз аутокөлікке бастапқы тіркелген жерінде шектеулер қойылғаны белгілі. Мемлекеттік нөмірі мен VIN-кодын терсеңіз, көлік туралы деректі анықтап беретін бағдарламаларды ғаламтор арқылы таба аласыз. Ақысын төлегенге кейбір іздеу жүйесі толық мәлімет ұсынады. Одан қалды, кейбір көлік иесінің құжаты түгел емес. Әуел бастан тіркеуден шығып қалған көліктер қаншама?! Көлік тізгіндеген азаматтардың бірқатары темір тұлпарларды түгелімен жерсіндіру керек деп санайды. Ал Үкімет мұндай шешім жасаса, құқықтық мәселе туындайтынын алға тартып, «Аш пәледен қаш пәле» ұстанымына тас бекіп отыр.

Қарапайым арифметикаға сүйенсек, былтыр Ішкі істер министрлігі 88 мыңдай шетелдік аутокөлік криминалдық есепте тұрғанын айтып, жаппай іздеу жариялады. Тіпті қарқынды қимылдап, айыппұл тұрағына бірінен кейін бірін тоғыта бастап еді, халық наразы болып, бас көтере бастаған соң, ІІМ өкілдері басу айтып, жылы жауып қоя салды. Басқасын ысырып қойғанда, осыншама мыңдаған көлікті мүлдем жүргізбеуге не жаппай елден шығарып тастауға Үкіметтің қауқары жете қояр ма екен? «Мал ашуы – жан ашуы» демекші, толқу мен наразылық күшейіп, дау-дамай тағы тұтануы да кәдік. Оны уақыт көрсете жатар. Бір жағынан атқамінерлер босбелбеулік танытпай, заңсыз көлік ағынын тәртіпке келтіру үшін әуелгі шешімінен айнымауы тиіс. Әйтсе де, шетелдік көлік құралдарын тіркеуге байланысты билік бекіткен қағиданың бір қайнуы ішінде жатқандай көрінеді.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

Сурет: autocentre.ua

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған