Шығыс Қазақстан облысында Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты алаяқтық фактісін анықтады.
Өскеменде екі күдікті 102 адамды алдап, құрылысқа үлескер ретінде қатысуға жалған келісімшарт жасаған. Олар тұрғын үй кешенін саламыз деп уәде беріп, үлескерлерден 1,8 миллиард теңге жинаған.
Көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы кідіріп, бірнеше мәрте мерзімі ұзартылған. Алайда құрылыс толық аяқталмаған. Тергеу барысында компаниялардың заң талаптарын бұзғаны және қаражат тартуға рұқсат құжаттарының болмағаны анықталды. Қазіргі таңда күдіктілер сот санкциясымен ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Тергеу барысында күдіктілердің 2,3 млрд теңге көлеміндегі мүлкіне тыйым салынды.
ҚМА мәліметінше, зардап шеккен 102 азаматқа қаражаттарын қайтару жұмыстары жүріп жатыр. ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу амалдарына қатысты басқа мәліметтер жарияланбайды.
Осыған дейін БҚО-да, Шымкент, Астана қалалары мен Алматы облысында да заңсыз құрылыс бойынша фактілер тіркелді.
Батыс Қазақстан облысында заңсыз құрылыс салудың 28 дерегі анықталған болса, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Шымкентте 155 заңсыз құрылыс нысаны тіркелген. 82 нысанға әкімшілік айыппұл салынып, мемлекетке 45,5 млн теңге түскен. Алматы облысында осы факті бойынша 128 әкімшілік іс қозғалып, 34 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Сурет: Pexels.com