Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахимов Samruk-Kazyna Construction компаниясының басқарма төрағасының орынбасары қызметіне кірісті. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Әбдірахимов бұл лауазымға 2025 жылдың 29 желтоқсанынан бастап тағайындалған.
Ол әр жылдары Премьер-министр кеңсесін басқарған, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары және Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарды.
Ғабидолла Әбдірахимов 2019 жылы Лондоннан сәлем жолдаған бейнежазбасы арқылы халықтың есінде қалды. Видеода ол Қазақстанда жұмыс істеп, елді дамытудың маңызы туралы айтады. Бұл сапардан 6 күн өткен соң ол әкім қызметінен кетті.

