Шымкентте 2 жылда 6,1 млрд теңге мемлекет қаражаты талан-таражға түскен. Бұл – Антикор анықтаған сомма. Оның 5,2 миллиарды 2024 жылы жүргізілген тергеу нәтижесінде әшкереленді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша қазірге дейін аталған қаржының басым бөлігі өтелген.
Жалпы есепте үшінші мегаполистік антикор 2023 жылдан бері ел қаржысын қалтаға басты деген күдікпен 250-ге тарта іс бойынша тергеу жүргізген көрінеді. Оның 192-сі – сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар. Тарқатып айтар болсақ, 2023 жылы – 104, 2024 жылы – 88 адам жең ұшында жалғасқан. Жауаптылар жартысына жуығы мемлекеттік қызметкерлер екенін айтады.
«2023-2024 жылдары 72 мемлекеттік қызметшіге және оларға теңестірілген адамдарға қатысты қылмыстар тіркеліп (2023 жылы – 37, 2024 жылы – 35), айыптау сот үкімі шыққан. Олар көбіне білім, цифрландыру, денсаулық сақтау, әлеуметтік және басқа да салаларда қызмет атқарған», — дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті.
200-ден аса шымкенттік сыбайластық әрекеті үшін сотты болды
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына сыбайлас жемқорлыққа қатысты екі жылда 122 іс түскен. Жан-жақты саралау негізінде сот үкімімен 92 адам бас бостандығынан айрылды.
Үкімді мойындамайтындар көп
Жергілікті судья сотталушылардың көбі өз кінәсін мойындамай үкіммен келіспейтінін айтады. Сондықтан аппелляцияға жүгінетіндері де жоқ емес. Мәселен, 2024 жылы 36 іс бойынша айыпталушылар үкімді қайта қарауға өтініш білдіріпті. Оның ішінде жазасын жеңілдетіп алғандар да жетерлік. Нақтырақ айтқанда,
• 22 қылмыстық іс бойынша 1 сатыдағы сот актісі өзгеріссіз қалды
• 3 қылмыстық іс қазір апелляциялық сот алқасында қаралып жатыр
• 9 қылмыстық ісі бойынша қабылданған 1 сатыдағы сот актісі өзгертілген:
«2024 жылы өте шулы істер көп болды. Аппеляцияға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғандардың бәрі береді ғой. Айыппұлға ауыстыру үшін. Профилактикалық мақсатта өздеріне сабақ болсын деп бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Өйткені, бұған дейін 2 жағдай болды. Көлік инспекциясы дейді ғой. Соның басшысына пара алу бойынша іс қаралды. Көзі көрмейтін кісі, мүгедектігі анықталған екен. Сондықтан жаза ретінде орнына айыппұл беремін. Артынша сол қызметке отырған адам сәл уақыттан соң ұсталып, басқа судьям қарап отыр. Сондықтан қатаң қарауға тырысамын. Шуға айналған Момыновтың ісі де аппелияцияда қаралып, үкім күшінде қалды», — дейді қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Аинель Орақбаева.
Шымкенттегі шулы істер
Иә, шуға айналған тұрғын үй басқармасының экс-басшысы А.Момынов жалпы 367 122 870 теңге мемлекетке шығын келтірген. Мамандар сөзінше, ол жымқырды деп күдіктелген ақшаны монша салу арқылы заңдастырған. Күдікті көпқабатты үйлердің сейсмика дайындығы үшін бөлінген қаржыға қол салған. Сәйкесінше жұмыс нақты орындалмаған. Айыптау сотта дәлелін тауып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сонымен қатар, мүлкі мемлекетке тәркіленді.
Ал А. Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябақ директоры 14,7 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды. Күдіктілер қатарында мекеме есепшісі мен кадр бөлімінің инспекторы да бар. Олар жоспар құрып, тек құжат жүзінде жұмыс істейтін 8 туысына ақша аударып отырған. Сотталушылардың кінәсі дәлелденіп, саябақ басшысына 29 млн теңге айыппұл салынса, 2 қызметкерге 3 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы берілді.
2023 жылы жемқорлыққа барды деп ұсталған Шымкент қаласы әкімінің экс-орынбасары 2024 жылы «пара беруге оқталды» деген айыппен 8,5жылға сотталды. Айыптау актісі бойынша сотталушы Исахов Ұлттық қауіпсіздік департаменті басшысының бірінші орынбасарына пара ретінде ұсынған сомма 200 мың АҚШ долларын құрайды. Бірақ Исахов дәлелдер жетіспейтінін алға тартып, өз кінәсін мойындамай апелляцияға жүгінгенмен шешім бойынша бірінші сатылы сот үкімі өз күшінде қалды.
Сонымен қатар былтыр ойын алаңдарын қымбатқа бағалап, бюджет қаражатын ысырап еткен Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының экс-басшысы 8 жылға сотталды. Ол 150 блоктан тұратын нысан құнын асырып 700 млн теңгені жымқырған көрінеді. Ал сыбайлас деп танылған мердігер мекеме басшылары салықтан жалтарып, 194 млн теңге зиян келтіргені үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл істер сыбайлас жемқорлыққа бару фактілерінің бір парасы ғана. Өткен жылы мемлекеттік қызмет өкілеттілігін асыра пайдаланған 18 есепші, 3 спорт мектебінің жаттықтырушысы, ішкі істер органдарының 18 маманы, 67 мемлекеттік мекеме директоры және орынбасары, бөлім басшылары және меңгерушілері сотталды.
«Бекітілген баға» бар
Қоғамдық кеңес мүшесі Өмір Шыныбекұлы пара беру немесе алу фактілері білім мен құқық қорғау органдарында көп екенін айтады. Тіпті жұмысқа кіру үшін берілетін «бекітілген бағаны» халық аузынан естіп жүргенін жасырмады. Ал сыбайлас жемқорлықпен күресі үшін азаматтық қоғам қалыптасуы керек дейді.
«Статистикаға сүйенсек, сыбайлас жемқорлық өзге салалармен салыстырғанда білім, құқық қорғау салаларында көп. Жемқорлықты тоқтату үшін Конституциямыздың 14-бабындағы «Заң менқұқық алдында жұрттың бәрі тең» деген ұстаным мүлтіксіз сақталуы тиіс. Ал ол бап сақталуы үшін Сот тәуелсіз болуы керек. Азаматтық қоғамның қалыптасуына жағдай жасаса, салық төлеушілердің өздері-ақ жемқорлыққа қарсы үлкен күш болар еді.
Құқық қорғау органдарында бұрыннан қалыптасқан Із кесудің тергеп-тексерудің небір әдіс-айлалары бар. Оған заманауи құралдарды қоссаңыз, білім саласында ғана емес, ел аузында жүрген барлық «белгіленген бағаларды» түбірімен жою қиын емес деп ойлаймын. Біреуге майлы жер керек, біреуге жайлы жер керек. Жұмыссыз адамға бала-шағасына нәпақа табатын жер керек. Халықтың арасында тараған әңгімеге сенсек, бәрінің өз «бағасы» бар көрінеді», – дейді Өмір Шыныбекұлы.
Айта кетейік, 2024 жылы сыбайлас жемқорлыққа жол берген 54 сотталушыға 737 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Қазірге дейін оның 444 миллионы өндірілді.
Былтыр білім саласына жүргізілген мониторинг негізінде жемқорлық іс-әрекеттері үшін сотталғандар көбейген еді. Енді мемлекеттік сатып алу және туризм салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп жатыр.
Әсел Мәлік
Басты сурет: pinterest
sarapshy.info