Ресейдің Самара облысында болған жол-көлік апатынан зардап шеккен жеті қазақ азаматы Орал қаласындағы ауруханаларға жеткізілді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Оқиға «Самара – Большая Черниговка» тас жолында болған. Зардап шеккен 7 адамның екеуі – балалар.
Оқиға орнына барған алты жедел жәрдем бригадасы құрамында балалар мен ересектер травматологтары, хирургтар, нейрохирург, реаниматолог, 6 фельдшер болған.
«Апаттан зардап шеккендерде мидың шайқалуы, аяқ-қолдардың, жамбас сүйектерінің, омыртқаның сынуы, көгеру, гематома және орташа ауырлық дәрежесіндегі көптеген жарақат тіркелді», — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта зардап шеккен 5 ересек адам Орал қалалық көпбейінді ауруханасында, 2 бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасында емдеуге жатқызылған.
Cурет: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі