Ресей 2025 жылдың 10 желтоқсанына дейін Қазақстан мен Қырғызстаннан тауарлардың ЕАЭО-ға жататындығын тексермейді. Бұл туралы Владимир Путин қол қойған жарлықтан кейін белгілі болды.
Шектеуді жеңілдету туралы шешім шекарада таңбалау талаптарына байланысты туындаған ұзын-сонар кептелістерден кейін қабылданған.
Таяуда Ресейдің Ауыл шаруашылығы бақылау қызметінің басшысы Сергей Данкверт Қазақстанды санкцияланған тауарларды тасымалдағаны үшін айыптады.
Данкверттің мәлімдемесіне сертификаты талапқа сай келмейтін төрт партия алмұрт себеп болды. Оның бірі Ресейге фитосанитарлық сертификатсыз, ал үшеуі қазақстандық сертификаттармен келген. Құжаттарда өнімнің шыққан жері Қазақстан деп көрсетілгенімен, жемістердің морфологиялық белгілері мен қаптамасы еуропалық «конференция» сортына тән болған.
2022 жылы басталған соғыстан кейін Ресей 30 мыңнан астам санкцияның астында қалды. Қазір ел санкцияға қосылмаған мемлекеттерден ғана тауар импорттай алады. Бұл мемлекеттердің санатына Еуразиялық экономикалық одақтың ішіндегі Армения, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан кіреді.
фото: freepik.com

