Путиннің Қазақстанға барған сапарында не айтылды?

28 қарашада Астанада Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдердің басшылары кезекті саммитте халықаралық жағдайды және аймақтағы ахуалды талқылады. Жиын барысында аймақтық қауіпсіздікке қатысты бірқатар шешім қабылданып, құжаттарға қол қойылды.

«Жоғары мәртебелі, Путин». Халықтың реакциясы

Ресей президенті Путиннің Қазақстанға келуі мен оның күтіп алу шаралары көптің көңілінен шыға қойған жоқ. Себебі Астанада Путиннің құрметіне қазақ және орыс тілдерінде «Жоғары мәртебелі, Владимир Путин мырза, Астанаға қош келдіңіз!» деп жазылған плакаттар ілініп, Ресей туы түстес шамдар жағылды. Әлеуметтік желі қолданушылары көшеде экрандарда жанған Ресей туына байланысты «Қай елде жүргенімізді ұмытып қалдық» деген секілді пікірлер білдіріп, бұл әрекеттердің орынсыз екенін айтты.

«Өз кезегінде Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы шақырғаны және қазақ жерінде көрсеткен сый-құрметі үшін алғыс айтып, сапарының қорытындысына оң баға берді», – деп жазды Ақорда.

Көкшетауда Путиннің сапарына қарсы акция өткізген бірнеше белсенді ұсталып, айыппұл салынды. Алайда белсенділер сот шешімімен келіспейтіндерін айтты, деп жазды Азаттық.

«Сот қаулысына келіспейтін себебіміз – плакатта жазылған сөз балағат сөзге жатпайды. Оны анықтау үшін сот сараптама тағайындауы керек еді. Филологиялық сараптама тағайындалсын деп өтінішхат бердік. Бірақ ол қанағаттандырылған жоқ. Нығметов пен Балташев Жанұзақовтың қасында тұрғанда тек ту ұстап тұр, біреуі Қазақстан, біреуі Украина туын ұстап тұр. Олардың әрекетінде қандай бұзақылық бар? Соған келіспейміз», – деді адвокат Жанболат Құлжанов.

Сондай-ақ Астанадағы «Астана Опера» ғимаратындағы LED-экранда Украина туына ұқсас бейнежазба көрсетілді. Бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, «хакерлер экранды бұзды» деген болжам айтылды. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Керуен Медиа» компаниясының өкілі Мұхтар Бекбосынов бұл жағдайды техникалық ақаудан болған деп түсіндірді:

«Ресей туының жоғарғы бөлігіндегі ақ түс кабельдің үзілуінен өшіп қалған. Электр қуатына салмақ түскен кезде экран түсінің реңкі өзгерген. Телефонға түсірілген видеода қызыл түс сары болып көрінеді», – деді ол ҚазТАГ агенттігіне берген жауабында.

Тоқаев: «ҰҚШҰ аймақтық қауіпсіздіктің басты тетігі»

Саммитті ашқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ны осы ұйымға мүше елдердің егемендігін қорғаудағы негізгі құрал ретінде сипаттады. Ол ұйымның қауіпсіздік мәселелерінде шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

«ҰҚШҰ жай ғана әскери әріптестік емес, терроризм, кибершабуыл, трансұлттық қылмыс және заңсыз есірткі айналымы секілді қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне қарсы күресте ұйым мүмкіндіктерін жетілдіруге баса мән берді», – деді Тоқаев.

Жиын барысында ұйымға мүше елдердің басшылары «ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерге қарсы бірігіп әрекет етуге» дайын екенін растады.

«Орешник» ракетасының «жойқын күші»

Ресей президенті Владимир Путин саммитте жаңа «Орешник» ракетасының сипаттамасын таныстырып, оны ядролық қарумен салыстырды. Оның айтуынша, орта қашықтыққа ұшатын бұл гипердыбыстық қару Украинамен қақтығыста сынақтан өтті. Путин мәлімдемесінде бұл қарудың ядролық қарудан ерекшелігі ядролық зарядтың жоқтығы екенін атап өтті, алайда жойқын күші ядролық соққыға тең болуы мүмкін екенін ескертті.

Ресей басшысы «Орешник» ракетасының батыс елдерінде теңдесі жоқ екенін мәлімдеп, қару өндірісін арттыру жоспарын жариялады. Сондай-ақ ол «Киевтегі шешім қабылдайтын нысандарға» соққы беру мүмкіндігін меңзеп, әскери дайындықтың жоғары деңгейде екенін көрсетті.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов ТАСС агенттігіне берген сұхбатында Ресей «Орешник» гипердыбыстық зымыранын қолдануға «мәжбүр» болды деген мәлімдеме жасаған еді.

Жабық жиыннан белгілі болған жайттар

Ақорданың мәліметінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 28,5 млрд доллардан асты, ал ресейлік инвестиция көлемі – 13 млрд доллар. Қазақстанда ресейлік компаниялардың қатысуымен 23 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Екі ел сауда көлемін 30 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр.

Саммитте бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың арасында:

  • Тәжікстан-Ауғанстан шекарасын нығайтуға арналған ҰҚШҰ-ның мемлекетаралық бағдарламасы;
  • Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік шаралардың жоспары;
  • ҰҚШҰ әскери контингентін тасымалдау және күштердің мәртебесін реттеуге қатысты хаттамалар бар.

Саммитке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей президенті Владимир Путин, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Беларусь басшысы Александр Лукашенко, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты. Келесі жылы саммит Қырғызстанда өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бірлескен брифинг өткізген болатын. Тоқаевтың айтуынша, “Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы”, Путиннің мемлекеттік сапарына тарихи оқиға», — деп баға берді мемлекет басшысы.

Путин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіп, соның аясында 20 құжатқа қол қойды. Келіссөздерде өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика және білім беру саласындағы жобалар талқыланды.

Наргиза Ерес

Сурет: akorda.kz

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз