Бүгін үкімет отырысында Батыс Қазақстан облысындағы жол сапасы мен жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржыға қатысты сын айтылды.
Қазақстандағы автожол желісін кеңейту жоспарлары талқыланған отырыста Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төрегалиевтің сөзінен кейін үкімет басшысы оған ескерту жасады.
«Жыл сайын жақсы жолдардың үлесі артуы керек. Ал сізде, керісінше, төмендеп барады. Мәселелерді республикалық деңгейде ғана көтермей, оларды шешу қажет. Ол үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржыландыру қарастырылуы керек. Барлық мәселелерді шешіңіз», — деді Бектенов.
Өткен жылы азаматтардан жолдар мен көшелер мәселесіне қатысты ресми түрде 40 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен.
Премьер-министрдің сөзіне қарағанда, өңірлерде жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарында құрылыс технологияларын сақтамау және мерзімін кешіктіру байқалып отыр. Әкімдер бұл мәселелерді бақылауға алуға тиіс.
«Жергілікті жолдарға баса мән беру керек. Облыстық және аудандық жолдарды күрделі жөндеуге қомақты қаражат бөлінуде. Оның ішінде республикалық бюджеттен де қарастырылған. Алайда, кейбір өңірлерде, жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі жеткіліксіз болып отыр. Атап айтқанда, бұл – Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарына да қатысты мәселе. Тұрғындар жолдардың сапасына наразы», — дейді Олжас Бектенов.
2025 жылдың алғашқы айында республика бойынша трассалардағы жол-көлік апаты жиі болды.
2023 жылдың көрсеткішіне қарағанда 2024 жылы жол-көлік статистикасы 2 есе өскен. Құқықтық статистика комитетінің ресми мәліметі бойынша, 2024 жылдың 12 айында Қазақстан бойынша 31597 жол-көлік оқиғасы (ЖКО) тіркелген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен (15 886 жол-көлік оқиғасы) салыстырғанда екі есе көп.
Елдегі жол құрылысының қарқынына тұрғындардың көңілі толмайды. «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры жүргізген әлеуметтік мониторингі кезінде респонденттердің 69%–ы жол құрылысына нашар деп санайтынын айтты.
Осыған дейін сапасыз жол салдарынан көлігіне зақым келтірген Орал қаласының тұрғыны автожолды уақтылы жөндемеген әкімдіктен көлік шығынын өндіріп алды.
Сурет: caravan.kz