«Biz birgemiz» қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайраттың мүлкі аукционға шығарылады. Бұл жөнінде ақпарат құралдары жазды.
Сот үкіміне сәйкес, сот орындаушылары оның мүлкін аукционға шығарып сатады. Бұл қаражат есебінен зардап шегушілердің шығыны өтеледі.
Белгілі болғаны, Перизат Қайрат қор есепшотына түскен қаражатты өзі ғана игерген. Аталған қор қаражатын талан-таражға салған басқа тұлғалар анықталмаған.
Еске салсақ, осыған дейін Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты сот үкімі шықты.
Сот оны ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және 10 жыл бойы қайырымдылық ісімен шұғылдануға тыйым салу жазасын кесті. Сонымен қатар оған берілген «Шапағат» мемлекеттік наградасының күші жойылды. Анасы Ғайни Алашбаева да аталмыш баптар бойынша кінәлі деп танылып, жеті жылға сотталды.
Сот үкімі бойынша айыпталушылардан 50 жәбірленуші 1,5 млрд теңге өндіреді.
2024 жылдың қарашасынан бастап «Biz birgemiz» қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысы жүрді.
Фото: Instagram/01pk

