Қосымша құн салығын көтеру мәселесі әлі де қоғамда қызу талқыланып жатыр. Сарапшылар құн салығын көтерудің негізгі салмағы қарапайым халықтың қалтасына түсетінін айтса, кәсіпкерлер шағын және орта бизнеске төнетін қауіптен қорқады.
2025 жылдың 28 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 20%-ға дейін көтеру мәселесін ұсынды. Бұл өзгеріс салық жүйесін реформалау аясында қарастырылуда. Сонымен қатар ҚҚС бойынша тіркеу шегін 78 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді де айтты.
Заңгерлер петиция жариялады
Алайда аталған ұсыныстан кейін заңгер Жангелді Сүлейменов пен Ануарбек Сқақов ҚҚС бойынша шекті төмендетуге қарсы петиция жариялады. Петицияда ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендетудің шағын және орта бизнеске (ШОБ) ауыр салмақ түсіретінін айтады. Олар салық жүктемесінің артуы бағаның 20%-дан да көп өсуіне, бухгалтерлік және заңгерлік шығындардың көбеюіне, салық органдарының қатаң бақылауына және бизнестің жабылу қаупінің артуына әкеледі дейді.
Доллар өсуі, жанар-жағармайдың қымбаттауы, енді ҚҚС…
Осы тұста Орал қаласындағы құрылыс заттарын сатумен айналысатын жеке кәсіпкердің бірі ҚҚС көтеруден бірінші кезекте қарапайым халықтың қиналатынын жоққа шығармайды.
Кәсіпкер елде соңғы уақытта болып жатқан қымбатшылық, теңгенің құнсыздануы, жанар-жағармай бағасының өсуі, енді қосылған құн салығының көтерілуінен бизнес рингте бірнеше соққыдан есеңгіреген боксшының күйін кешетінін айтты.
«Соңғы үш-төрт айдағы оқиғаларды ескеру керек. Бұл – доллардың өсуі. Адамдар тауарлар үшін он пайызға, тіпті кейбір жағдайда он екі пайызға артық төлеп отыр. Жанар-жағармай бағасы жақында ғана өсті, енді ҚҚС-та көтерілмек. Бұл тағы да халықтың қалтасына салмақ түсіреді», — дейді кәсіпкер.
«Кәсіпкерлер емес, тұтынушылар төлейді» — экономист
Ал Sana Analytics сарапшысы Қуанышбек Асылбекұлы ҚҚС жанама салық болғандықтан, халықтың қалтасына ауыр соғатанын айтады.
«Бұл шешім халықтың қалтасына үлкен салмақ түсіреді. ҚҚС – жанама салық болғандықтан, оны тікелей кәсіпкерлер емес, тұтынушылар төлейді. Демек 12%-дан 20%-ға дейін өсуі тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнына тікелей әсер етеді. Бұл әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне, коммуналдық қызметтерге және дәрі-дәрмектерге қатысты болса, инфляцияны одан сайын ушықтырады. Орташа есеппен алғанда, ҚҚС-тың 8%-ға көтерілуі бағаның 7-10% аралығында қымбаттауына алып келуі мүмкін. Ал халықтың табысы сол қалпында қалса, олардың сатып алу қабілеті төмендейді, бұл өз кезегінде экономиканың баяулауына әкелуі ықтимал», — дейді сарапшы.
Сарапшының пікірінше, бұл өзгеріс азық-түлік бағасынан бөлек, тұрғын үй бағасын да айналып өтпейді.
«Кез келген нарықтық экономикада салықтардың көтерілуі – бизнестің шығындарының артуын білдіреді. Өндірушілер мен қызмет көрсетушілер салықтың өсуін өз маржасынан, яғни таза пайдасынан өтемейді, керісінше, оны тұтынушыға жүктейді. Осылайша, азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардан бастап, құрылыс материалдарына дейінгі барлық өнім түрлерінің бағасы көтеріледі. Тұрғын үй бағасына келер болсақ, құрылыс компаниялары өз қызметтеріне ҚҚС төлейді, яғни құрылыс материалдары мен жұмыс күшінің қымбаттауы тұрғын үйдің өзіндік құнына әсер етеді. Ал жалға алу нарығында пәтер иелері шығындарын өтеу үшін жалдау ақысын көтеруі ықтимал», — дейді Қуаныш Асылбекұлы.
ҚҚС мөлшерлемесін көтеру ең алдымен мемлекеттік бюджетке қысқа мерзімді пайда әкелуі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде экономикаға теріс әсер етеді.
«Ресми түрде үкімет бұл бастаманы бюджет кірістерін арттыру мақсатында ұсынып отыр. Шынында, бұл шара бірінші кезекте мемлекеттік қазынаны толтыруға бағытталған. Бірақ бұл ел азаматтарына пайдалы ма деген сұраққа келсек, оның тиімділігіне күмән бар. Біріншіден, бюджетке пайдасына келсек қысқа мерзімде түсетін кірістердің көлемі өсуі мүмкін. Алайда ұзақ мерзімде кәсіпкерлік қызметтің баяулауына, көлеңкелі экономиканың үлесінің артуына байланысты салықтық түсімдер қайта азаюы ықтимал. Екіншіден, ірі бизнес үшін қарастырсақ, ҚҚС-тың көтерілуі соншалықты үлкен қиындық туғызбайды, өйткені олар өз шығындарын оңтайландырудың түрлі жолдарын қарастыра алады, мысалы, бағаны көтеру, шығындарды қысқарту, салықтық жеңілдіктерді пайдалану және т. б. Үшіншіден, шағын және орта бизнес тарапына келетін болсақ, олар ең үлкен соққыны сезінеді, себебі олар үшін бағаны көтеру сұраныстың төмендеуіне, бәсекелестіктің әлсіреуіне және банкроттық тәуекелінің артуына алып келеді. Нәтижесінде, бұл шешім мемлекетке уақытша пайда әкелуі мүмкін, бірақ шағын бизнес пен тұтынушыларға ұзақ мерзімді теріс әсері басым», — дейді маман.
ҚҚС шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету шағын кәсіпкерлерге қаржылық ауыртпалық болады дейді маман.
«Бұл жеңілдік емес, керісінше шағын кәсіпкерлер үшін қосымша ауыртпалық. Қазіргі таңда 78 млн теңгеге дейінгі жылдық айналымы бар кәсіпорындар ҚҚС төлемеуге құқылы. Бұл шағын және орта бизнес үшін үлкен қолдау болды. Егер бұл шек 15 млн теңгеге дейін төмендетілсе, онда айналымы айына 1,25 млн теңгеден асатын кез келген кәсіпкер ҚҚС төлеуге мәжбүр болады. Оның есебінен, шағын кәсіпкерлер үшін жүктеме артады. Көптеген кәсіпкер бағаны көтеруге мәжбүр болады, бірақ сұраныстың азаюынан бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады. Содан соң жасанды түрде айналымды азайту тәсілдері көбеюі мүмкін. Яғни, бизнес екіге бөлінеді немесе кейбір кәсіпкерлер заңсыз жұмыс істеуге көшеді. Ең ауыры, шағын бизнес үшін бұл банкроттық тәуекелін арттырады. Егер шағын кәсіпкер ҚҚС енгізгеннен кейін бұрынғыдай табыс таппаса, ол нарықтан шығуға мәжбүр болады. Нәтижесінде, бұл өзгеріс шағын бизнестің қысқаруына, жұмыссыздықтың артуына және көлеңкелі экономиканың кеңеюіне әкелуі мүмкін».
Үкімет ұсынып отырған шешімнің экономикаға әсері салдары қандай болары туралы маман ойын түйіндеді.
Бұл шаралар қысқа мерзімде бюджетке түсетін түсімдерді арттыруы мүмкін, бірақ ұзақ мерзімді перспективада теріс әсерлері басым. Оған мына салдарын атап өтуге болады:
* Кәсіпкерлік белсенділіктің төмендеуі – шағын және орта бизнеске салынатын салықтық ауыртпалық оларды заңсыз әрекеттерге немесе мүлдем жабылуға итермелеуі мүмкін.
* Инфляцияның өсуі – тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы халықтың сатып алу қабілетін төмендетеді, бұл экономиканың баяулауына әсер етеді.
* Көлеңкелі экономиканың ұлғаюы – салық ауыртпалығын азайту үшін көптеген кәсіпкерлер заңсыз жолдарға көшуі мүмкін.
* Жұмыссыздықтың артуы – шағын бизнес қиындыққа ұшыраса, жұмыс орындары қысқарады, бұл халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауына алып келеді.
Осы факторлардың жиынтығы елдің экономикалық дамуын тежейді және ұзақ мерзімді дағдарысқа әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай реформаларды асығыс қабылдамай, салық саясатының тиімділігін кешенді түрде бағалау қажет.
Маманның халыққа беретін кеңесі бірінші кезекте шығындарды қысқарту – артық шығыннан бас тартып, қымбат брендтерден гөрі қолжетімді, орташа сападағы өнімдер мен қызметтерді тұтынуға көшу. Екіншіден, қарыздан құтылу – несие, бөліп төлеу арқылы алынған тауарлар мен басқа да қарыз түрлерін барынша азайту. Үшіншіден, бағаны бақылау – әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын қадағалап, бағамен манипуляция жасалған жағдайда үкіметке хабарлау. Төртіншіден, құқықтарды қорғау – тұтынушылар өз құқықтарын сақтап, ҚҚС-тың өсуі тауарлар мен қызметтердің бағасына қалай әсер ететінін мұқият бақылауы қажет. Бесіншіден, қосымша табыс көздерін іздеу – еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер қарастырып, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ұмтылу.
Маманның айтуынша, бұл шаралар қазірдің өзінде дағдарыстағы экономика үшін қажет, бірақ ҚҚС-тың 20%-ға көтерілуі бұл процесті жылдамдатып, халыққа қосымша қаржылық стресс тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, кейбір азаматтар табыс табу үшін басқа елдерге кетуге мәжбүр болуы мүмкін.
ҚҚС – мемлекеттің негізгі кіріс көзі
Қазақстан Үкіметі бұл шешімді салық жүйесін реформалау және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ұсынып отыр. ҚҚС – мемлекеттің негізгі кіріс көздерінің бірі. 2023 жылы Қазақстан бюджетінің шамамен 25-30%-ы осы салықтан түскен. 2024 жылдың 11 айында бюджетке салықтан 10 трлн теңге пайда болған.
Қазақстан экономикасы туралы Дүниежүзілік банктің 2024-2025 жылға арналған есебінде де Қазақстанға қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеру ұсынылған. Себебі елдегі ҚҚС мөлшерлемесі басқа елдермен салыстырғанда төмен дейді.
ҚҚС-тың ерекшелігі қандай?
- Бұл жанама салық – оны қарапайым тұтынушы тікелей төлемейді, бірақ кез келген тауардың немесе қызметтің бағасына кіретіндіктен, жанама түрде төлейді.
- Кәсіпкерлер, сатушылар немесе қызмет көрсетушілер ҚҚС-тан түскен қаражатты мемлекетке аударады, бірақ оның нақты ауыртпалығы тұтынушыға түседі.
- Әлеуметтік маңызы бар кейбір тауарлар мен қызметтер үшін ҚҚС төмендетілуі мүмкін (мысалы, ауыл шаруашылығы өнімдеріне немесе дәрі-дәрмектерге жеңілдіктер болуы мүмкін)
Сурет: Pexels.com