19 қазанға қараған түні БҚО-дан 200 шақырым жердегі Ресейдің Орынбор және Самара облыстарына ұшқышсыз ұшатын аппараттар шабуыл жасады.
Орынборда дрон соққысынан кейін газ өңдеу зауыты отқа оранды. Куәгерлер оқиға орнында жетіге жуық жарылыс болғанын хабарлады. Зардап шеккендер туралы ақпарат белгісіз.
Қазақстандағы Қарашығанақ кен орнынан шығарылатын 9 млрд текше метрге дейінгі газ дәл осы зауытта өңделеді, кейін ол Қазақстанның ішкі нарығына жөнелтіледі. Орынбордағы ГӨЗ Қарашығанақтан келіп түсетін шикізатты қабылдауды уақытша тоқтатты.
Оқыңыз:
Ресей Қазақстанның солтүстік өңіріне ірі газ құбырын тартады
Бұл орайда Қазақстанның Энергетика министрлігі хабарлама жасап, бұл апат елді газбен жабдықтауға кедергі болмайтынын мәлімдеді.
Запорожье АЭС-іне қатысты тыйым
Ресей мен Украина Запорожье атом электр станциясы аумағында электр желілерін жөндеу мақсатында атысты тоқтатуға келісті. Бұл туралы Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) хабарлады.
Соңғы төрт апта бойы Запорожье АЭС-і дизель-генераторлар арқылы ғана энергиямен қамтамасыз етіліп келген.
Бұған дейін нысанды сыртқы желілермен байланыстыратын жүйе істен шығып, Мәскеу мен Киев бір-бірін айыптаған.
Еуропадағы ең ірі атом электр станциясы 2022 жылы Ресей Украина аумағына басып кірген кезде басып алынған. Қазір станция электр энергиясын өндірмейді, алайда сырттан берілетін токқа тәуелді.
МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гроссидің мәлімдеуінше, атысты тоқтату туралы келісімнен кейін жөндеу тобы станция аумағына кіріп, жұмысын бастауға мүмкіндік алған.
Путин мен Трамп арасындағы келіссөздің астары
The Washington Post ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Владимир Путин Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескен кезде Украинадан стратегиялық маңызы бар аймақтарды беруін талап еткен.
Өткен жұма күні Вашингтонда өткен кездесуде Трамптың өкілі Стив Уиткофф Украина президенті Владимир Зеленскийге Донецкке қатысты ымыраға келуді ұсынды. Ол бұл аймақтың «негізінен орыстілді» екенін айтып, бұл дәлелді Кремльдің өзі жиі қолданатынын алға тартты.
фото: istockphoto.com

