Оралдағы Назарбаев даңғылының атауы өзгеруі мүмкін бе?

Үш жылдан бері Нұрсұлтан Назарбаев аталып келген бас даңғыл атауы қайта өзгеруі мүмкін. Жергілікті билік халықтан экспрезидент атындағы даңғылдың атауын өзгерту туралы өтініш түссе, ескеретіндерін айтып отыр, деп хабарлайды sarapshy.info ақпарат агенттігі.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елорда атауын Нұрсұлтаннан қайта Астана деп өзгерткен соң әлеуметтік желіде Оралдағы Назарбаев даңғылының атауын да өзгерту турасында бастамалар көтеріле бастады.

Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы өзінің Facebook парақшасына «Орал қаласындағы Назарбаев даңғылының атауын да өзгерту керек. Себебі бір күннің ішінде, бүкіл заңды белшесінен басып, халықтың қарсылығына қарамастан ауыстырып тастады. Оған дейін облыс орталығында атшаптырым Тұңғыш Президент алаңы бар екеніне де қарамады. Оралдың, облыстың мәслихат депутаттары, Мәжілістен үлгі алып, даңғыл атауын өзгертуге бастамашыл болады деп ойлаймын» деп жазды. Бұл жазбаға пікір қалдырғандардың басым көпшілігі даңғылдың Назарбаев атауын алып тастауды қолдады.

Қоғам белсендісі Нұрлан Сәдір Орал қаласында ғана емес, барлық қалалардағы көше-даңғылдан Нұрсұлтан есімін алып тастау қажеттігін айтады.

– Қазір біз күткен қарқындай болмаса да, әйтеуір «деназарбаевциялау» жүріп жатыр. Оның бір мысалы – Астана атауының қайта оралуы. Сондықтан қаламыздағы Назарбаев даңғылының атауын да өзгерту керек деп есептеймін. Себебі Назарбаев ешқандай нысанның атын иеленуге хақысы жоқ,-дейді Нұрлан Сәдір.

Ол 2019 жылы Достық-Дружба даңғылына Нұрсұлтан атауын берер кезде халықтың пікірі ескерілмегенін алға тартты.

– Бір күннің ішінде облыстық, қалалық мәслихат депутаттары жиын өткізіп, халықтан бірауыз пікір сұрамастан даңғылға Назарбаев есімін берулері – заңсыз шешім. Ешқандай процедура сақталған жоқ. Енді заңдылық қалпына келуі тиіс. Назарбаев даңғылына бұрынғы атауы қайта берілсін демей-ақ қояйын, себебі Достық-Дружба деген не қазақша емес, не орысша емес, дүбәра атау. Басқа лайық атау табылар, бірақ даңғылдан Назарбаев атауы алынып тасталуы қажет. Бас қаланың атауын қайта қалпына келтіргенде бір негіздемеге сүйенді ғой, жергілікті билік соған сүйенсін де, даңғылдың атауын өзгертсін,- дейді қоғам белсендісі Нұрлан Сәдір.

Қалалық мәслихат депутаты, «Amanat» партиясы Батыс Қазақстан облысы филиалы төрағасының орынбасары Кенесары Нұршинов болса, Нұрсұлтан  есімі даңғылдарды иеленуге лайықты деп есептейді. Ол қалалық мәслихат жиынында Нұрсұлтан даңғылының атауын өзгерту турасында мәселе қарастырылып жатпағанын айтты.

– Күн тәртібіне мұндай мәселе қойылмады. Мәслихат коридорында тіпті сыбыс та жоқ. Жалпы, еліміздің іргетасын қалауында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі бар. Жеке өз басым ол кісінің атында көше-даңғылдар болуына көзқарасым оң. Бірақ халық міндетті түрде Назарбаев даңғылының атауын ауыстыру керек деп жатса, онда халықтың пікіріне құлақ асу керек,-дейді депутат.

Кенесары Нұршинов 2019 жылы Достық-Дружба даңғылына Нұрсұлтан атауын бергенде халықтың пікірі мүлдем ескерілмегенін мойындап отыр.

– Ол кезде рас, ескерілмеді. Өйткені сол уақытта елордамыздың атауы өзгертіліп жатты ғой, соның толқынымен облыс орталықтарындағы даңғылға тұңғыш президенттің есімі берілді,- дейді ол.

Біз өзге депутаттардың да пікірін білу үшін біразына хабарласқанбыз, кейбірі пікір білдіруден бас тартса, енді бірі қоңырауға жауап бермеді.

Достық- Дружба даңғылына Назарбаев атауын берердегі сессия жиынында қалыс қалған депутаттардың бар-жоғын білу үшін және қазіргі позициялары қандай екенін сұрау  үшін Орал қалалық мәслихаты баспасөз хатшысынан 2019 жылы қалалық мәслихат депутаты құрамында болғандардың тізімін алып, хабарласқан едік. Кейбірі сессия жиынында болған-болмағанын «есіне түсіре алмаса», енді бірі сұрақты ести сала телефонды қоя салды. Тек облыстық тарих және археология орталығының басшысы Жантас Сафуллин ғана пікірін ашық білдірді.

– Мен ол кезде сессия жиынына белгілі бір себептермен қатыспап едім. Енді бұл мәселеге қатысты өз ойым – даңғылдың атауы бұрынғы қалпында болғаны дұрыс қой деп ойлаймын. Дружбаны алып тастап, Достықтың өзін қалдырса да жеткілікті ғой,- деді Жантас Сафуллин.

Орал қаласы әкімдігіне 2019 жылы Достық-Дружба даңғылын Нұрсұлтан Назарбаев деп өзгертуге бюджеттен қанша қаржы жұмсалғанын және тағы басқа бірнеше сұрақ қойып, ресми сауал жолдаған болатынбыз. Әкімдіктің бізге жіберген жауаптарында қаржы жұмсалғанын ашық айтқанымен нақты сомасы көрсетілмеген. Бұдан бөлек, қала әкімдігі Назарбаев даңғылының атауын өзгерту турасында тұрғыннан өтініш түскенін, мәселе алдағы уақытта қаралатынын айтты.

Ал БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің бас маманы Ізбасар Жұмағали «Бұрын бұл даңғыл Ленин аталғанда да бәрі соған көніп жүрді ғой. Енді Нұрсұлтан деп тұрған не бар? «Ленин», «Достық-Дружба» дегеннен гөрі Нұрсұлтан  деген жақсы емес пе?» деді алғашында.

Ол  Нұрсұлтан даңғылының атауын өзгертуге халықтан өтініш түскен күннің өзінде, көпшілік тыңдалымда қоғамдық кеңес мүшелері дауысқа салатынын айтады.

– Ұсыныс мәслихат сессиясында қаралады, түпкілікті шешімді облыстық мәслихат депутаттары қабылдайды. Егер даңғыл атауын өзгерту керек деп шешім шығарса, бізге жібереді. Біз республикалық ономастикалық комиссияға жолдаймыз. Ол жақтан қолдау тапса, өзгертіледі,- дейді Ізбасар Жұмағали.

Есенжол Елекенов

сурет авторы Мейірбек Тәжқұранов

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған