Батыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациның басшылығы бір жыл ішінде 14 рет сыйақы алған. Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев мәлімдеді.
Бейсенбаевтың сөзінше, бюджет қаражатын депозитке орналастырған корпорация саясатын сынға алды. Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев та тұрақтындыру қорына жұмсалуы тиіс қаражаттың депозитке орналастырылуы дабыл қағатын жайт деп мәлімдеді.
«Ақжайық» корпорациясы бір жыл ішінде 2 млрд теңгеге жуық қаражатты депозитте ұстаған.
Мәжіліс отырысында жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов та ӘКК қызметін сынға алып, олардың нақты мақсаттары мен даму моделі жоқ екенін атап өтті.
Соңғы бес жылда ӘКК-лерге 528 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген. Алайда тексеруден өткен 13 корпорацияның сегізінде 209 млрд теңге көлемінде шығын қалыптасып, табыстары үштен біріне қысқарған.
Сонымен қатар корпорациялар қаржыны нақты жобаларға жұмсаудың орнына депозитке салып отырған.
Жоғары аудиторлық палата тексерісінің қорытындысы бойынша мемлекет қазынасына әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардан 61 млрд теңге қайтарылған.
фото: 2GIS

