«Сырым ауданы, Алғабас ауылдық округіндегі М. Қаналиев атындағы мектептің тәлімгері Нұрболат Жұмағалиевтің авторлық жобасы — “Экоқорғаушылар” ұйымы тек экологиялық апталықтарда суретке түсетін ұйым емес , олар — табиғаттың шынайы жанашырлары» деп жазды сырымдық журналист Бауыржан Ширмединұлы.
Оның айтуынша, бірер аптадан бері экосақшылар сабақтан бос уақыттарында Аңқаты өзенінің аңғарынан табылған бұлақтың көзін ашып, арнасын кеңейтуде. Бұрындары жылтырап су өніп жататын көздің көмілгеніне көп болған екен.
Жас экологтардың жетекшісі Нұрболат Жұмағазиевтің айтуынша, балалар тапқан бұлақтың суы экожүйені қалпына келтіреді. Маңайдағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне жаңа тыныс беріп, табиғаттың қайта жаңғыруына жол ашады.
Мектеп оқушыларының бастамасына разы болған ауыл азаматы Еркін Ажгереев табиғат сақшыларына киноға билет сыйлаған. Қазір бұлақ басы қоршалып, қақпақ орнатылып жатыр екен.


