2024 жылдың желтоқсанында елде әскери жағдай енгізіп, саяси дағдарыс туғызған Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль екінші рет тұтқындалды. Сот оны тергеу кезінде дәлелдерді жоюы мүмкін деп есептеп, қамауға алу туралы шешім шығарған. Бұл жөнінде Оңтүстік Кореяның Yonhap ақпараттық агенттігі хабарлады.
9 шілдеде Сеулде өткен жеті сағаттық сот отырысының қорытындысы бойынша Юн Сок Ёльге ресми құжаттарды қолдан жасау, мемлекеттік қызметке кедергі келтіру, билікті асыра пайдалану және бүлік ұйымдастыру бойынша жаңа айыптар тағылды.
Прокуратура бұрынғы президенттің бостандықта жүруі тергеуге кедергі келтіруі мүмкін екенін атап өтті.
Экс-президент бұған дейін 2024 жылдың қаңтарында алғаш рет қамауға алынып, екі айдан кейін босатылған болатын. Қазір ол Ыйван қаласындағы тергеу изоляторында жеке камерада отыр. Егер саяси бүлік ұйымдастырды деген айып дәлелденсе, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы тағайындалуы мүмкін.
Маусым айында Оңтүстік Кореяда кезектен тыс президенттік сайлау өтіп,билік тізгінін оппозициялық демократиялық партия лидері Ли Чжэ Мён қолға алды.