2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер 249 құқық бұзушылық жасаған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 24,1%-ға төмен. Ranking.kz Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті есебін талдады.
Аталған істердің 236-сы – қылмыс, 13-і – әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады.
Өңірлік бөліністе ең көп құқықбұзушылық Шымкент қаласында тіркелді – 21 жағдай (былтыр – 26). Одан кейін Түркістан облысында – 17, Ақмола облысында – 15 жағдай. Ең төмен көрсеткіштер Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында байқалды.
Биыл қылмыстардың арасынан 180 жағдай ауыр деп танылған. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 32,1%-ға аз. Алайда аса ауыр қылмыстар саны 4,3 есе артқан. Орташа ауыр деңгейдегі қылмыс саны екі есе азайып, жеңілсанаттағы қылмыстар 35,3%-ға көбейгені аталды.
Ең жиі кездесетін құқықбұзушылықтар – пара алу мен сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету. Бұл баптар бойынша әрқайсысынан 59 жағдай тіркелген. Одан кейін – алаяқтық пен лауазымдық өкiлеттiктерінасыра пайдалану.
Сондай-ақ, «Ұрып-соғу» бабымен үш қылмыстық іс қозғалған. Бұдан бөлек, «Адам өлтіруге оқталу», «Қасақана жеңіл дене жарақатын салу» және «Кәмелетке толмағандарды зорлау және азғындық әрекеттер» бойынша әрқайсысынан бір-бір дерек тіркелген.
Қаңтар-мамыр айында сыбайлас жемқорлық ісі бойынша 464 мемлекеттік қызметкердің заңбұзғаны анықталды.
фото: freepik.com

