Абай облысының білім басқармасы жүргізген қызметтік тексеріс нәтижесінде, Семей қаласындағы үш мектептің директорына қатаң тәртіптік шара қолданылды. Қалалық білім бөлімі басшысы қызметінен босатылды.
«Қазіргі уақытта зардап шеккен мұғалімге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл мәселе облыс басшылығының ерекше бақылауында. Болашақта осындай жағдайларға жол бермеу мақсатында білім беру ұйымдарына заң талаптарын қатаң сақтау туралы тапсырма беріліп, бақылау күшейтіледі» — делінген хабарламада.
Заңсыз жұмысқа тартылған тұлғалар қатарында №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев те болды.
Жаңажылдық шыршаны безендіру жұмысына қатысқан Айтқалиев биіктен құлап, басына ота жасаған. Әйелі Сымбат Аянқызының айтуынша, басынан ауыр жарақат алған мұғалім бүгін есін жиған, екі күн жансақтау бөлімінде жатқан.
Мұғалімдерге шырша безендіруге баратыны телефон арқылы ауызша хабарланған, бірақ қағаз жүзінде ешқандай бұйрық болмаған. Мұғалімнің жұмыс істейтін мектебінің директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дәлелханұлы бұл жағдайдан хабарсыз болғанын айтты. Оның сөзінше, шырша безендіруге қатысты тапсырма білім бөлімінен берілген.
Бұл жағдай Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңына қайшы. Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде мұғалімдердің заңсыз жұмыстарға тартылуы қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары мұғалімдердің негізгі міндетінен тыс жұмыстарға мәжбүрленуін сынға алды.
Сурет: Ашық дереккөздерден