«Медиа білім» қоры сайлау процесін бақылауға арналған мобильді қосымшаны іске қосты

«Медиа білім» командасы сайлау процесіне бейжай қарамайды. Әрдайым сайлауға қатысып, процесс бойынша ақпарат таратады. Биыл команда мүшелері Мәжіліс және жергілікті мәслихат депуттатарын сайлау кезінде бақылаушы болды. Сол кезде бақылаушы жұмысын жеңілдететін, олардың еңбегін орталықтандыратын заманауи құралдардың жоқтығына көз жеткізді. Бақылаушы жұмысына сараптама жасап, анықталаған кемшіліктерді ескере отырып бақылаушыларға арналған мобильді қосымша шығарды.

Мобильді қосымша БҚО-дағы бірнеше сайлауда сынақтан өткізілді. БҚО-дағы тәуелсіз бақылаушылардың «Жария» ұйымы қосымшаны белсенді түрде пайдаланған болатын. Тестілеу кезінде біздер қосымшаны пайдаланып отырған сайлау учаскелеріне барып, бақылаушылар мен менеджерлердің пікірін білген болатынбыз.

«Қосымша жақсы ойлап табылған. Қолдануға жеңіл әрі ыңғайлы. Сайлауға келген адам санын жазсаңыз, пайызын өзі шығарып тұрады. Барлығын автоматты түрде өзі есептейді. Яғни, қағаз бен қаламды ұмытып, енді бақылаушы жұмысын толық сандық жүйеге ауыстыратын кез келді. Дәл осы жүйені барлық сайлау учаскелерінде пайдаланатын болса, жемқорлық, сыбайластық тоқтайды деген ойдамын», – дейді сайлаулар кезінде қосымшаны бақылаушы ретінде бірнеше рет пайдаланған Данияр Інжеғалиев.

Ал Жалпақтал және Теректі ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау кезінде бақылаушы болған Майя Еркінәлиева: «Тәуелсіз бақылаушының ең басты қызметі – дауыс беру процесін байқау. Егер дауыс санау уақытын ескермесек, дауыс берудің өзі он үш сағаттық байқауды талап етеді. Осы уақыт аралығында бақылаушы сайлаушылар тарапынан да, комиссия мүшелері тарапынан да сайлауды өткізудің барлық ережелерінің орындалуына мүлтіксіз бақылау жүргізуге тиіс. Сайлау учаскесі ашылғаннан бастап кешке дейін дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың санағын мұқият жүргізіп, күннің соңында сайлау қорытындысын шығарудың «куәгері» болады. Сондай-ақ, келесі күні ОСК жариялаған нәтижелерінің бақылаушы мәліметтерімен сәйкестігін қадағалау үшін үлкен жауапкершілік керек. Бұның бәрі бақылаушыдан шыдамдылық пен үлкен ынтаны талап етеді.

Бізге соңғы екі сайлауда SaiLab360 қосымшасын пайдалану мүмкіндігі берілді.

SaiLab360 – қолдануға өте ыңғайлы қосымша. Өйткені онда сайлау процесіндегі бағыттардың толық спектрі ұсынылған: сайлау өткізудің барлық ережелері, толық сипаттамасы бар нормативтік құжаттарға сілтемелер (тәжірибесіз тәуелсіз бақылаушы үшін өте қолайлы); дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың санын енгізу кезінде пайыздық көрсеткіштердің автоматты түрде есептелуі өте ыңғайлы, әрі сайлау процесін сырттан онлайн бақылап отырған азаматтар үшін өте маңызды; құжаттардың көшірмелері қосымшаға жүктеліп, бақылаушылар мен комиссияның жұмысының әділдігін қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл қосымшаның ең басты артықшылығы – сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Осы қосымшаны қолдану ауқымы кеңейгенде қандай да бір кемшіліктер анықталады деп ойлаймын. Бірақ ол кемшіліктерді кейін дұрыстауға болады.

SaiLab360 қосымшасын әзірлеушілер командасына алғысымды білдіргім келеді, өйткені ол біздің мемлекетіміздің даму процесіне баға жетпес пайда алып келеді», – деп біздің команданың атқарған жұмысына бағасын беріп алғысын айтты.

Сайлау кезінде қосымшаны бақылаушы, менеджер және координатор ретінде пайдаланған  Самал Гилманова: «Бақылаушы ретінде айтарым, қағазға жазу азайды, пайыз санау автоматтандырылған, ақпарат беру үшін тек қосымшаға енгізсек болғаны. Менеджер ретінде байқағаным, белгілі бір округке біріктірілген 4-5 учаскенің жалпы сағат сайын сайлаушылардың келуін, пайыз есебін көруге, бақылаушылардың жұмысын қадағалауға болады. Бұл жерде қағазбен жұмыс және ақпарат жинау оңайлатылған. Координатор ретінде ең кереметі – барлық учаскедегі сайлау жағдайын қатар көруге болады. Сайлаушылардың келуі, сағат сайынғы есеп, заңбұзушылықтар сияқты деректерді онлайн көріп, қадағалауға мүмкіндік берілген», – деп қосымшаның жағымды жақтарын ғана атап өтті.

Теректі ауылдық округінің әкімін сайлау кезінде координатор болған Мұрат Байдекенов: «Теректі, Тақсай және Жайық ауылдарында орналасқан бес учаскеде бақылаушыларға арналған қосымша өзін жақсы жағынан көрсетті. Барлығы өте тез, әрі оңай жұмыс істеді. Қосымшаны қолдану өте оңай, себебі сіздің өткізген бір сағаттық тренингте бес менеджер қосымшаны игеріп алды. Ауылдық жердегі интернет аздап қиындық туғызды, бірақ қосымша өте жақсы жұмыс жасады. Менеджер ретінде мен бақылаушыларды сайлау учаскелеріне апарып, Оралға оралдым. Бірақ дауыс беруге қатысқан сайлаушылар санын сағат сайын көріп отырдым. Мен қосымшаның жұмыс істеп тұрғанын және сайлауға қатысушылар саны өзім бақылаған сайлаулардағыдай екенін байқадым. Әр учаскедегі бақылаушы өзінің орнында отырғанын әр сағат сайын жіберілген ақпараттан біліп отырдым. Бұрын әр бақылаушының деректерін мессенджер арқылы арқылы жинайтынбыз. Бақылаушы дауыс беруге қатысқан сайлаушыларды санап, сағат сайын WhatsApp арқылы қолмен жіберетін. Мен бұл деректерді чаттардан жинақтайтынмын. Біреу ерте, ал біреу жай жіберіп жатады. Деректерді іздеп отырудың өзіне уақыт кететін. Енді олай жасаудың қажеті жоқ. Менеджер үшін қосымша өте тиімді, өйткені жоғарыда айтылған процесстерге кеткен уақытты енді сұхбат беруге, БАҚ-пен байланысқа және округтік менеджерлермен, бақылаушылармен сөйлесу үшін тиімді пайдалануға болады.

SaiLab360 Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де кеңінен таралуы мүмкін. Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Беларусь, Әзірбайжан сияқты авторитарлық режим жұмыс істейтін елдерде бұл қосымша пайдалы болуы мүмкін. Өйткені саяси өзгерістер сайлаудан басталады. Бұл қосымша дауыс беру нәтижелерін өзгертудің алдын алуға көмектеседі, әсіресе ел назары жетпейтін шағын ауылдар мен шағын учаскелерде сайлауға келушілер саны немесе негізгі үміткерге дауыс берген сайлаушылар саны жоғарылатып көрсетіледі. Сондай-ақ біздер қосымшада негізгі және «көзбояушылық үшін тағайындалған»  үміткерлердің жинаған дауыс саны туралы ақпарат беруді жоспарлап отырмыз.

Кейбір шет елдерде қауіпсіздік мәселелеріне байланысты сайлауда жоғары технология қолдану құпталмайды. Бірақ бұл қосымша сайлаушыларға емес, бақылаушыларға арналған. Мен мұндай қосымшаның шетелде бар-жоғын білмеймін. Егер шетелдік тренингтерге қатысу мүмкіндігі болса, бұл туралы міндетті түрде сұраймын.

SaiLab360 – тәуелсіз бақылаушыларды біріктіретін қосымша. Осы қосымшаның арқасында сайлауға сенім білдірмейтін БАҚ пен блогерлердің сайлауға деген қызығушылығы артып, белсенділік танытуы мүмкін. Наурыз айында өткен сайлаудан кейін «Уральская неделя» газетінің құрылтайшысы тарапынан бақылаушылар сайлаудың толық «картинасын» бермеді деген сын айтылды. Сайлау нәтижелерін көргеннен кейін менің еңсем түсіп, өз жұмысымды соңына дейін апармағанымды мойындаймын. Бақылаушылардың есептерін өңдеп, цифрлендіру үшін де өте көп уақыт кетті.  Осы себептерге байланысты бақылаушы ұйымның есебін уақытылы бере алмадық. Ал қосымша бақылаушылар есебін өңдеу кезінде уақытты бірнеше есе үнемдейді. Деректерді қолмен жинамаймыз. Барлық процесстер онлайн жасалады. Менеджер үшін бұл үлкен көмек. SaiLab360 – бақылаушыларға арналған «Kaspi» қосымшасы сияқты».

Қосымша бақылаушы емес, қарапайым қолданушыға да сайлау процесін таңмен сайлау басталғаннан сайлау қорытындысы жарияланғанша бүкіл процессті онлайн қарап отыруға мүмкіндік береді.  Қосымшаны «халықтық бақылау» құралы деуге болады.

SaiLab360 қосымшасы азаматтық қоғам мен демократияның дамуына үлес қосып, азаматтардың таңдауын қорғайтын құрал болатынына сенім білдіреміз. Қосымшаны мына сілтеме арқылы жүктеуіңізге болады. Алдағы уақытта қосымшадағы өзгерістер мен толықтырулардан хабардар етіп отырамыз.

Құрметпен, SaiLab360 қосымшасын әзірлеушілер командасы

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған