Маңғыстау облысының әкімдігі Sarapshy.info редакциясының өңірдегі туризм әлеуеті мен Каспий теңізінің экологиялық ахуалына қатысты сауалдарына жауап берді. Әкімдік туризмді «экономиканың басым бағыты» ретінде сипаттап, жағалау аумағында бірқатар инвестициялық жобалардың іске асырылып жатқанын мәлімдеді. Каспий суының тартылуы жоспарланған нысандарға «кері әсерін тигізбейді» деген уәж келтірді.
Дегенмен ластануды тұрақты бақылау жүйесі, су сапасын тексеру, теңіз деңгейінің төмендеуіне инженерлік бейімделу сияқты негізгі мәселелер бойынша әкімдік жауабында нақты жоспар мен стратегия толық көрінбеді.
Әкімдіктің мәліметінше, Маңғыстауға келетін туристер саны өсіп келеді. 2025 жылдың 9 айында өңірге 350 мыңнан астам қонақ келген: оның 313 мыңнан астамы Қазақстан азаматтары, ал шетелдіктер саны 37 мыңнан асады.
Каспий теңізінің туристік әлеуетін пайдалану аясында жағалау аумақтарында инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Басқарма дерегінше, 2024 жылы құны 8,5 млрд теңге болатын 3 жоба аяқталып, нәтижесінде 80 жаңа жұмыс орны құрылған. Ал 2025—2029 жылдары 190 млрд теңгеге 18 жоба іске асыру жоспарланып, 700-ден астам жұмыс орнын ашу көзделеді.
Әкімдіктің баспасөз қызметі Теңіз жағалауына жақын орналасқан әрі ең ауқымды жобалардың қатарында «Town Center» сауда-ойын-сауық кешені, гольф-отель мен виллалар кешені, «Нұр» сауықтыру-курорттық кешені, «Wyndham Garden Aktau» қонақ үйі кешенін атап өтті.
Save the Caspian Sea қозғалысының негізін қалаушылардың бірі Галина Чернованың айтуынша, 2060 жылы Каспий 9-18 метр төмендеуі мүмкін.
Редакция Каспий суының тартылуы аталған жобаларды іске асыруға кедергі келтірмей ме деген сұрақ қойды.
«Каспий теңізі суының тартылуы жобаларға кері әсерін тигізбейді, себебі жоспарланып отырған туристік нысандар жағалаудан қауіпсіз қашықтықта орналасқан және теңіз суының деңгейінен тәуелсіз қызмет көрсете алады. Сонымен қатар жобалар аясында баламалы туризм түрлерін дамыту (мысалы, тарихи, мәдени және табиғи бағыттар бойынша турлар ұйымдастыру) қарастырылған, бұл Каспий жағалауын жыл бойы туристер үшін тартымды етуге мүмкіндік береді», – делінген ресми жауапта.
«Қауіпсіз қашықтық» қалай есептелгені, теңіз деңгейі төмендеуінің жағалау экономикасына ықпалы бойынша тәуекел картасы немесе нақты жоспарлау құжаттарының бар-жоғы нақтыланбады.
Жағалаудың ластануы
2025 жылы теңіз жағалауында 30-ға жуық сенбілік өтті. Оларға шамамен 5000 қатысушы жұмылдырылып, 30 арнайы техника қолданылған және нәтижесінде 600 тонна қоқыс шығарылған. Бұдан бөлек, 12 тамыз – «Каспий күні» қарсаңында Ақтауда табиғат жанашыры-сүңгуір теңіз түбін 2—3 метр тереңдікте тазалағаны, 25 тамыз күні мұнай компаниясы қызметкерлері жағалауды тазалағаны айтылады. Сондай-ақ 2018-2019 жылдары Каспий теңізінің қазақстандық акваториясында суға батқан бірнеше кеменің («Tiba», «Аракс», НАМ 217) мұнай қалдықтарынан тазартылып, темір қалдықтары бөлшектеліп сыртқа шығарылған.
Сенбіліктер мен біржолғы тазалау акциялары жағалаудың санитарлық жағдайын жақсартуға ықпал етуі мүмкін болғанымен, әкімдік редакция көтерген «жүйелік бақылау» туралы сұраққа толық жауап бермеді.
Каспий теңізінің тартылуы салдарынан Ақтау маңында бірнеше учаскеде су айдыны 30—50 метрге дейін шегінген. Осы орайда жағажайлар мен туризм инфрақұрылымы өзгеріске қалай бейімделетіні де сұралды. Әкімдік 2026 жылы Ақтау қаласының «Жылы жағажай» аумағындағы теңіз жағалауын абаттандыру мақсатында кешенді жоба әзірленгенін хабарлады. Қазір жобаның эскиздік нұсқасы жасақталған, абаттандыру аумағы шамамен — 2,86 гектар. Жобаға балалар ойын алаңдары, спорт алаңдары (футбол, волейбол, баскетбол), воркаут аймағы, шезлонгтар мен күннен қорғайтын көлеңке шатырлар, жаяу жүргінші жолдары, демалыс орындары, құтқару бекеті, киім ауыстыру бөлмелері, биотуалеттер, жасыл желек отырғызу және көгалдандыру, сондай-ақ заманауи жарықтандыру жүйелері қарастырылған. Әкімдік 2026 жылы жобаны іске асыру үшін 300 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылуы мүмкін екенін, алайда сметалық есеп нақтыланған сайын жоба құны өзгеруі ықтимал екенін де атап өтті.
«Жылы жағажай» аймағында экокурорт құрылысы жүргізілмек. Әкімдік қазіргі таңда экокурорт жобасы жер учаскесіне қатысты қосымша іс-шаралар жүргізу және жобаны іске асырудың әрі қарайғы тетігін айқындау қажеттілігіне байланысты уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді. Сонымен бірге, егер жоба қайта жанданып, құрылыс кезеңіне өтсе, аумақ жеке меншікке тиесілі екенін ескере отырып, экологиялық сараптама жүргізу талап етілмейтінін көрсетті. Дегенмен «экологиялық сараптама қажеттілігі туындаған жағдайда қолданыстағы заңнама аясында қарастырылуы мүмкін» деп жауап берген.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес 2026 жылы «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын» жергілікті бюджет есебінен материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстары аясында жағалаудағы теңіз гидробекетін сатып алу жоспарланған.
Каспийдегі экологиялық өзгерістер – итбалықтардың қырылуы, балық қорының азаюы, теңіз деңгейінің төмендеуі жөнінде әкімдік бұл теңіздің трансшекаралық су нысаны екенін атап, кез келген экологиялық өзгеріс халықаралық келісімдер мен республикалық деңгейде шешілетінін айтады. Жауапта Қазақстанның Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға (Тегеран конвенциясы) қатысушы екені, Ақтау хаттамасы аясында өңірлік ынтымақтастық жоспары бар екені және бірлескен оқу-жаттығулар өткізілетіні көрсетілген. Сонымен қатар 2035 жылға дейінгі іске асыру стратегиясы әзірленіп жатқаны, 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Каспий теңізі бойынша ғылыми зерттеулерді шоғырландыру үшін Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты өз қызметін бастағаны, сондай-ақ 2024 жылы Үкімет қаулысымен «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерваты құрылғаны айтылған.
Жағалау бойындағы құрылыс нормаларын бақылау туралы сауалға әкімдік нақты мысалды келтіреді. Ақтау қаласы Приморский-1 тұрғын массивіндегі №30 учаскедегі тұрғын үй нысаны бойынша «Компания Строй Альянс» ЖШС-ына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталған. Әкімдік жағалаудағы құрылыс қызметі тұрақты бақылауда екенін, сондай-ақ су қорғау белдеуіндегі қызметті бірнеше уәкілетті орган жүргізетінін де атап өтеді. Бірақ соңғы үш жылда жағалауға тым жақын салынған немесе экологиялық талапты бұзған басқа нысандардың толық тізімі жарияланғаны туралы ақпарат жауапта берілмейді.

