Киік саны қалай реттелмек?

Батыс Қазақстан облысындағы киік мәселесі шиеленісе түсті. Киіктің үш популяциясы болса, соның Орал популяциясының саны 800 мыңның асты. Бұл – әуе санағы анықтаған ресми ақпарат.

Киік қалай көбейді?

Киік – жер жүзінен жойылып кеткен мамонттың замандасы. Тамғалы жартасындағы киіктің суреттері біздің заманымызға дейінгі VІІ-V ғасырларда қашалып салынған. Қазақтың орта ғасырдан бері тарап келе жатқан ауыз әдебиетінде киік жайлы дерек мол. Қазақ жерінен табылған археологиялық жәдігерлердің көбінде киіктің бейнесі бар. Кезінде құрлықты түгел мекендеген ақбөкендердің 95 пайызы біздің елде қалды.

Киіктің тағдыры қазақтың өткені сияқты, бірнеше рет түгелдей құрып кете жаздап, бірге жасасып келеді. Өткен ғасырдың өзінде-ақ жұт пен ашаршылықта, тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезінде киік саны бірнеше мың бас қана қалған. Көп алысқа бармай-ақ 2003 жылы бар-жоғы 21 мың қалғанын айта кетуге де болады. Содан табиғат жанашырлары дабыл көтеріп, Үкімет 2023 жылға дейін киіктерді атуға тыйым салды. Киікті «Охотзоопром» ӨБ » республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының қызметкерлері күні-түні бағып жүріп көбейтті деуге толық негіз бар. Тіпті браконьерлермен күресте бірнеше қызметкері өмірін қиды.

Киікті қорғау шараларының арқасында әр жылдары 40, 60, 70 пайызға өсіп келеді. 2010, 2015 жылдары пастереллез эпидемиясынан 200 мыңнан астамы қырылды. Былтырғы санақ 842 мың болғанын көрсетсе, биылғы әуе санағы 1 318 000 дараққа жеткенін мәлімдеді.

Киіктің қандай мәселелері ескерілмей келеді?

Біріншіден, киіктің ішетін суы – ең басты проблема. Ресми органдар «су көздері табылмай тұр» деген уәж айтады. Киік төлдейтін аумақтағы ауылдарда тұщы су көздері бар. Жасанды суат мәселесі киікті көбейтпес бұрын шешілуі тиіс еді. Фермерлердің барлығы өзен-көлдердің, жасанды бассейн мен каналдардың маңын мекендеген. Су іздеген киіктер амалсыздан ол суаттарға барады. «Жерімді тапады» деген мәселенің ең алдымен осыдан шығуда.

Екіншіден, киіктің ареалын фермерлер тарылтуда. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, БҚО-да соңғы 15 жылда ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер 3 есе ұлғайған. Ал 2007-2015 жылдар аралығында БҚО-дағы киіктің өрісі 5 есе қысқарды. Киік қорғау аймағындағы жерлердің оңды-солды таратылып кеткенінен министрлік те, тіпті облыс басшылығы да хабарсыз. Ал ол жерлерді үлестіріп тастаған аудан әкімдіктері фермерлердің жағына шығып, барлық мәселені киік туғызғандай қылып жеткізуге тырысуда.

Үшіншіден, киікке қатысты ғылыми зерттеу жүргізіліп жатқан жоқ. Оларды миллионға жеткізіп, ал ветеринариялық қадағалау жасамау – бұл жұмыстағы үлкен кемшілік. Үнемі киікпен айналысатын ветеринар мамандарды штатқа алу қажет. Қандай да бір ауру ошағы табылса, бірден әрекетке көшу үшін. Себебі ареалы тарылған киік өте тығыз жүргесін араларында жұқпалы аурулар тез тарайды. Қауіпті індет тараса, бір күнде бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін.

Жәнібек ауданында киік қорғау аймағынан шаруаларға әлі де жер берілуде

Жәнібек ауданындағы 396 ауыл шаруашылық құрылымы 490 мың гектар жерге иелік етуде. Жалпы ауданда 821 мың гектар жер бар. Оның 86 мыңы елді мекендердің жері. 23 мың гектары киік қорғау аумағына, 191 мың гектар жері «Ащыөзек» табиғи қаумалына, 35 мың гектары «Бөкейорда» резерватына тиесілі. Таратып айтсақ, аудандағы Жақсыбай ауылдық округінің 40 мың гектары, Борсы ауылдық округінің 57 мың гектары, Қамысты ауылдық округінің 20 мың гектары, Ақоба ауылдық округінің 72 мың гектар жері «Ащыөзек» табиғи қаумалына жатады. Яғни, бос жер мүлдем жоқ. Шаруа қожалықтары жыл сайын көбейіп бара жатыр, жер киік қорғау аймағынан да берілуде. Киік қорғау аумағынан берілген ауыл шаруашылық жерге киіктердің бәрібір кіретіні түсінікті. Былтыр Жәнібек ауданында 21 ауыл шаруашылық құрылымы құрылды.

Ал биыл жалға беру конкурсы арқылы Жақсыбайдан – 5, Таловтан – 10, Борсыдан – 3, Ақобадан – 3, Күйгенкөл ауылдық округінен 5 жер телімі, жалпы 13 мың гектардай жер фермерлерге берілмек. Жер телімдері киікті қорғау аймағынан бөлінеді. Яғни, киіктің өрісіне ортақтасатын тағы 26 қожалық пайда болады.

Жәнібек ауданындағы Жақсыбай ауылында 50 шаруа қожалығы, Таловта – 38, Борсыда – 47 шаруа қожалығы киіктің өрісінде отыр. Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиевтің айтынша, биыл 170 шаруа қожалықтың жерінде киік жүр, 210 мың гектар жерді киік таптаған. Алайда біз ауданның 250 мың гектар жері киік қорғау аймағына жататынын еске саламыз.

— Шаруаларға жерді резерваттан беруге болмайды, алайда қаумалдан беруге заңмен тыйым жоқ.  Киік қорғау аймағын шаруа қожалықтары пайдалануда. Үкіметтің қаулысы шығып жатса ол жерді мемлекет меншігіне қайтаруға болатын шығар. Алайда кәсібін жүргізіп отырған жерді қайтарып алу қиындық туғызатын болар. Әуелден қаумалдан да жер беруге болмайды деп заңмен бекіту керек еді, — дейді Жәнібек аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдрешев.

«Мал азығы мәселеге айналды»

Жәнібек ауданында 396 ауыл шаруашылық құрылым бар. Алтауы – кооператив, екеуі – серіктестік. Қалғаны – шаруа қожалықтары. 388 қожалықтың тек екеуі ғана егістікпен айналысады. Биыл 150 гектар жерге дәнді дақыл, 300 гектарға мал азығы егілген. Ал былтыр егістік көлемі 600 гектар болған.

-Егістік көлемін ұлғайтуға киік кедерді. Шығынға батқасын шаруалар қызығушылық танытпайтын болды. Мысалы, Тау ауылдық округінде жыл сайын мал азығы дақылдарын егетін Елдос Душкеев биыл жерінде киік жатқасын егіс екпеді. Ауданда 65 мың шартты мал басы бар. Жыл сайын 145 мың тонна мал азығы дайындалады. 35 мың тоннасы ауыл тұрғындарының малына қажет. Былтыр осы көлемді әрең толтырдық. Жеке қожалықтар әуелі өзіне шөп жинайды, артылғанын ғана сатады. Өздеріне жеткізе алмай жатқанда тұрғындарға мал азығын дайындау мәселеге айналады, — дейді Жәнібек аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Асылбек Камашев.

Шаруалар не дейді?

Киік мекендеген Жәнібек және Казталов аудандарын аралап, шаруалармен кездестік. Жергілікті әкімдіктер фермерлерді жинап жиналыстар ұйымдастырды.

-Киік мәселесіне қатысты бес жылдан бері арыз жазып келеміз. Аштық жариялаймыз ба, қолымызға қару алып киікті өзіміз жоя бастаймыз ба? Фермерлер жерді тырналап жүріп өзімізге шөпті әрең жинаймыз. Ал халық қайдан алады? Халықты неге ойламайсыздар? – деді «Елана» ШҚ жетекшісі Набиолла Мекетаев.

«Шопан ата» қауымдастығының Жәнібек ауданындағы өкілі Бауыржан Сабанов киіктің санын азайту мәселесі өзекті екенін алға тартты.

-Шаруалардың бәрі мал шаруашылығын дамытамыз деп алған несиелерін төлеп отыр. Мал азығы мәселеге айналды. Ресейде зардап шеккен шаруаларға материалдық көмек қарастырылған. Біздің шаруаларға да қолдау, жеңілдік қажет. Субсидия көлемі өзгерген жоқ, — дейді Бауыржан Сабанов.

-Былтыр шабындықтан ештеңе қалмады. Қыстан жемнің арқасында аман шықтық, ол шығынды кім өтейді? Шаруалардың басты мақсаты киікті қыру емес. Санын шектеу, ретке келтіруді ұсынамыз. Кездесулер өтуде, шешімі ұзаққа созылатын түрі бар. Шұғыл шешім керек, — дейді таловтық фермер Сағынай Нұрмұқанов.

Жиында фермерлер министрлік өкілдеріне «Киіктен халыққа қандай пайда бар?» деген сұрақ та қойды.

-«Мал бір жұттық» дейді, биыл мың бас малға жем-шөп дайындауым керек. Техникаларымыздың несиесі бар. Жанармай қымбаттап кетті. Ал шөптің жартысын киік жеді. Қырып таста демейміз, халыққа кеселі тимейтін көлемде шектеп ұстау керек. Аумақтан шығармай бағу керек, — дейді  казталовтық фермер Нұрлыбай Жолдыбаев.

Ветеринария маманы киіктің ауруларын тізіп берді

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы Қайсар Қошалиев 2012 жылы киік пастереллез ауруынан қырылған жоқ, инфекциялық энтеротоксемия ауруынан өлгенін анықтағанын алға тартады.

-Ветеринариялық ғылыми әдебиеттерде киіктердің аурулары аз кездеседі. Бұрын гельминтозға мән берілмеді, қазір осы құрт ауруы көбейіп жатыр. Казталов, Жәнібек аудандарындағы малдан аталмыш ауру көптеп анықталуда. Осы аймақта далада ұсталған киіктерден гельминтоз, мониезиоз, ценуроз, бұрын болмаған жіңішке лешай, өкпе ауруларын, эхинококкоз анықтадық. Бұл аурулар малдан киікке жұқты ма? Әлде керісінше ме? Жануар арасы тығыз болғасын ауру тез тарайды. Ауру өршіп, адамға, жануарға жұға бастауы мүмкін. Биологиялық негіздемелерде бір киікке 20 гектар жер керек делінген. Олар күніне 7-8 литр су ішеді, 5-6 келі шөп жейді. Мәселен, мамыр айынан бастап санағанда, сегіз айда бір миллион киік 900 мың сиырдың азығын жеп қояды. Осы көрсеткіштерден киік санын реттеу керектігі көрініп тұр,- деді профессор Қошалиев.

«15 шілдеге дейін шешім шығады»

-Жануарлар дүниесі Үкіметтің меншігінде. Ақылдасып шешуіміз қажет. БАҚ арқылы мән-жайды дұрыстап түсіндіріп, мәселені жан-жақты жеткізуіміз керек. Биологиялық негіздеме әзірленіп жатыр. Зоология институты, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ұсыныстарын береді. Онда саны қанша шектеу, қалай шектеу жайы ғылыми негіздеме болады. Негіздеме бойынша 15 шілдеге дейін шешім қабылданады, — деді ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғанбаев.

Оның айтуынша, арнайы жұмыс топтары мәселемен айналысуда. Шығындарын өтеу мәселесін жауапты министрліктермен бірлесіп қарастырмақ.

-Бес миллион гектарды 30 инспектор қадағалайды. Барлық жерді қатаң қадағалауға үлгермей жатады. Киік өлекселері кездессе инспекторларға хабарлауды сұраймыз. Киіктің санын реттеуге жалғыз «Охотзоопромның» күші жетпейді. Жергілікті халықтан көмек сұраймыз. Аңшылардың араласуы ережемен реттеледі. Сіздерде жайылым болса, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарында егінге түсу мәселесі өзекті. Жәнібек, Ақжайық ауданындағы егінді қорғауға Алматыдан экипаж бөлінді. Киік санын реттеу жөнінде шешім шықса, сіздермен қоян-қолтық жұмыс жасап, санын реттеуге кірісеміз,- дейді «Охотзоопром» РМҚК бас директоры Марлен Айнабеков.

Марлен Айнабеков киіктің миграция жолы бұзылғанын айтты. Орал популяциясы Бетпақдалаға қоныс аудармағанмен Атырау жаққа, Жайықтан асып Ақтөбе жеріне миграция жасауда. Киіктің табиғи миграциясы қалпына келсе де мәселенің шешілуіне сәл үлес болар еді.

«Киік атуға мораторийді екі жылға созу керек»

Тәуелсіз экологиялық сарапшы Сәкен Ділдахмет киік мәселесі оны атумен шешілмейтінін, кешенді қарастыру керек екенін айтады.

— Киіктің көбейіп, басқа өңірлерге көшпеуі – мәселенің бастауы. Біріншіден, шаруа қожалықтарына жерді бергенде әкімдіктер жабайы жануарлардың мекен ететін ортасын, миграция жолдарын есептемеді. Екіншіден, жаңа тас жолдар миграцияны шектеуде. Үшіншіден, киіктердің саны атып реттеуге әлі жеткен жоқ. Төртіншіден, киіктерді реттеуде мемлекеттік монополия орын алуы керек. Ешбір жеке шаруашылықтар реттеумен айналыспауы тиіс. Себебі мұндай жұмыста көбіне көлеңкелі экономика орын алады. Контрабандалық жолмен заңсыз сатылуы мүмкін. Ал мемлекет өзі монополия  ұйымдастырып, тиісті мекемеге тапсырма беріп осы жұмысты атқарса, түскен қаражатты дәл сол табиғат қорғау жұмыстарына жұмсап, мәселе кешенді түрде шешімін табуы керек. Үкімет экология министрлігіне ғана тапсырма беріп қойып, атумен мәселе шешпегені дұрыс. Киік мәселесі ауыл шаруашылығы министрлігіне де, облыс әкімдіктеріне де, индустриялық даму министрлігіне де тиесілі. Қазақстанда әлі күнге бір экодук салынбаған. Биыл киік атуға мораторий бітеді. Мораторийді кемінде екі жылға созып, маңызды заңнамаларды шешіп алу керек. Киікті өндіріске жіберетін болса, әлі нормативтік құжаттары дайын емес. Халықаралық конвенцияға сәйкес бізде нөлдік квота тұр. Сыртқы нарыққа шығаратын болсақ, осыншама тонна ет, осыншама мүйіз деген сияқты жыл сайын квота бекітілуі қажет. Заңмен реттелмесе контрабандалық өнім саналады. Мемлекеттік органдар мәселенің әр қырын әбден ойластыруы тиіс. Халық та киіктің өзінің байлығы екенін ұғынуы керек, — дейді Сәкен Ділдахмет.

Қандай шешім қабылдануы мүмкін?

Экология министрлігі Үкіметке киіктердің Орал популяциясы санының 3% аспайтын шектеулі лимитте әуесқойлық аң аулауға рұқсат беру арқылы азайтуды ұсынуда. Биологиялық негіздеме жасап, 2023 жылдың күзгі аңшылық маусымында қарапайым аңшыларға аулауға рұқсат беруге пилоттық жоба ретінде Үкіметтен рұқсат сұраған. Киік халықаралық Қызыл кітапқа енсе де, Қазақстанда аңшылық жасайтын аң түріне жатады.

Лимитпен аулаудан бөлек коммерциялық өткізу де ұсынылуда. Мемлекет жыл сайын 80 мың бас киіктен 2,5 тонна тауарлық ет алады деген есеп бар. Келісін 1000 теңгеден сатса қазынаға 2,5 млрд теңге құйылмақ.

БҚО-да резерват құрылуда. Оның орталығы Казталов ауданында болмақ. Бүгінде ғимарат та дайындалып қойған.

Киік өндірісі қолға алынса, БҚО басшылығының алдында Жаңақала ет комбинатын, Ақжайық ауданындағы тұралап қалған инвестжоба – «БатысМарқаЛамбты» жандандыру мәселесі тұр.

Мұның бәрі әзірге нақты шешімі шықпаған ұсыныстар. Жабайы аңның етін халық пайдалану үшін ветеринария заңнамаларына  біраз өзгеріс керек. Қазіргі заңнама киіктің мүйізін пайдалануға рұқсат бермейді, тек жойылады. Өндіріс бастап кету үшін етінен бөлек терісін өңдейтін, мүйізін пайдаға асыратын өндіріс орындары жоқ. Әлемде қорғалған жануарды өнім ретінде экспорттау мүмкін емес. Дүниежүзілік жан-жануарды қорғау ұйымдарының алдында түсіндіру жұмыстары да тұр.

Біз шаруалардың жанайқайын тыңдадық. Киікті қорғап, құрып бара жатқан хәлден миллионнан асыруға тер төккен мамандардың жанкешті жұмысын көзімізбен көрдік. Жауапты министрлік өкілдерінің жоспарымен де таныстық. Бір айтарымыз, Үкімет, мемлекеттік органдар мен жергілікті билік мәселені бір-біріне ысырмай, шешу жолын бірлесе іздеуі қажет.

Нұрлыбек Рахманов,

Фотоға түсірген автор

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий