Енді Қазақстанда телефонсыз және картасыз, тек алақан арқылы төлем жасауға болады. Бұл туралы компанияның Kaspi.kz құрылтайшысы Михаил Ломтадзе мәлімдеді.
«Бұл – смартфонды шығарып төлеуден де жылдам. Технология Kaspi ID жүйесіндегі сияқты қауіпсіздік шешімдеріне негізделген. Пайдаланушылар өз алақанының деректерін кез келген сәтте өшіре алады», – деді ол Алматыда өткен презентация кезінде.
Kaspi-дың инновациялары қытайлық көшірме ме?
Finmentor.kz телеграм-арнасының жазуынша Қазақстандық Kaspi компаниясының көптеген инновациялық сервистері – Қытайдың бұрыннан бар технологияларының бейімделген нұсқасы. Алақанмен төлеу әдісін 2023 жылы Tencent компаниясы іске қосқан.
Тіпті Kaspi Alaqan-да қолданылған POS-терминалдар – Tencent құрылғыларының Kaspi-дің фирмалық қызыл түсіне боялған түрі.
Компанияның QR арқылы төлем жүйесі, картоматы, POS-терминалдары, Kaspi Дүкен, постаматтар, қоғамдық көліктегі төлем, цифрлық құжат сақтау және Kaspi Мейрамхана сияқты қызметтері Қытайда бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан шешімдердің қазақстандық үлгісі ретінде сипатталады.
Аталмыш технология 2025 жылдың желтоқсанында ең алдымен Алматыдағы сауда орталықтарында, кейін бүкіл ел бойынша іске қосылады.
Kaspi.kz есебіне сәйкес, компания 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 535 млрд теңге табыс тапқан.
Айта кетейік, Қазақстандықтар ұлттық банктің төлем жүйелері арқылы тәулігіне 6,3 трлн теңге жібереді, ал төлем ұйымдары арқылы тауар айналымы 4,6 трлн теңгеге жеткен.
фото: @financekaz/threads.com

