Close Menu
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube TikTok RSS
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
    • Құпиялық саясаты
  • Бізге жаз
Facebook Instagram Telegram WhatsApp YouTube TikTok
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
Жаңалықтарға жазылу
Среда, 3 декабря
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube RSS
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
  • Бізге жаз
Басты бет»Сарапшы пікірі»Көмірден атомға: климаттық уәделер мен саяси мүдделер арасындағы күрделі таңдау
Редакция Сарапшы пікірі 28/09/2025

Көмірден атомға: климаттық уәделер мен саяси мүдделер арасындағы күрделі таңдау

Бөлісу
Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Атом электр станцияларын салу жөніндегі референдумнан кейін Қазақстан алғашқы қадамдарын жасап, сөзден іске көше бастады. Шынын айтқанда, атом энергетикасының жаңа парағы ашылды деуге болады. Бір жағынан бұл шешім Қазақстан үшін үлкен пайда әкелуі мүмкін, екінші жағынан – қабылданатын шешімдер мен атқарылатын жұмыстарға байланысты кері әсері де болуы ықтимал. «Атом энергетикасы не үшін қажет?» деген заңды сұрақ туады. Егер өз елімізде пайдалы қазбаларға бай болсақ және жасыл энергетика дамып жатса, атом энергетикасын дамытудың қаншалықты қажеттілігі бар деген ой көпшілікті мазалайды.

Атом энергетикасы Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындау үшін қажет.Әлемде болып жатқан климаттың өзгерісімен күресу үшін мемлекеттер парниктік газдардың негізгі көзі болып табылатын көмір, мұнай және газ сияқты энергия көздерінен біртіндеп бас тартып, жасыл энергетикаға немесе парниктік газдарды аз бөлетін энергия көздеріне көше бастады. Климаттың өзгерісіне қарсы күрес мақсатында 2015 жылы Париж келісімі қабылданды. Осы келісім аясында әр мемлекеттің парниктік газдар шығарындыларын азайту жөнінде өз міндеттемелері бар. Қазақстан да бұл бағытта өз міндеттемелерін қабылдаған. Еліміз 2050 жылға дейін энергияның 50%-ын парниктік газ шығармайтын көздерден алуды, ал 2060 жылға қарай толық көміртексіз энергетикаға көшуді жоспарлап отыр. Алайда қазіргі жағдайды ескерсек, бұл – өте амбициялы мақсат. 2024 жылғы мәліметтерге сәйкес, өндірілген 117,9 млрд кВт·сағ электр энергиясының небәрі 6,43%-ы ғана күн мен жел сияқты көміртексіз энергия көздерінен алынған, ал шамамен 70%-ы көмірден өндірілген.

Қазақстанның кейбір энергетикалық саяси шешімдері Еуропалық одақ елдерінің тәсілдеріне ұқсас. Көмірге қарағанда газды жаққанда атмосфераға азырақ парниктік газдар бөлінеді. Сол себепті Еуропа елдері толық көміртексіз энергетикаға өткенге дейін газды уақытша өтпелі кезеңнің «көпірі» ретінде қарастырады. Жасыл энергетика қазіргі уақытта көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтарының орнын толық баса алмай отыр. Сондықтан сұранысты қанағаттандыру және шығарындыларды азайту мақсатында көптеген елдер газға көшуде. Қазақстан да осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Мысалы, батыстан Сарыарқа газ құбыры солтүстік пен орталық аймақтарға дейін тартылды. Сонымен қатар газбен жұмыс істейтін жаңа жылу және электр станциялары салынып жатыр, ал бұрынғы көмірмен жұмыс істейтін қазандықтар газға ауыстырылуда. Бұл – дұрыс бағыттағы шешім. Дегенмен «Өтпелі көпірдің арғы жағында не бар?» деген сұрақ туындайды, яғни болашақта қандай энергия көздеріне сүйенеміз?

Кейбір сарапшылардың пікірінше, күн мен жел энергетикасын дамыту арқылы 2050 және 2060 жылдарға қойылған мақсаттарға жетуге болады. Алайда осы уақытқа дейінгі жасыл энергетиканы дамытудағы қарқын мен жетістіктерге көз жүгіртсек, мұндай межеге жету өте қиын болатыны анық. Оның үстіне, күн мен жел энергетикасының басты кемшілігі – тұрақты түрде энергиямен қамтамасыз ете алмауы: жел әрдайым соқпайды, алкүн де әрдайым түсіп тұрмайды. Осы жерде атом энергетикасының рөлі ерекше болмақ. Ол негізгі әрі тұрақты энергия көзі ретінде көмір мен газдан бас тарта бастаған кезде өсіп келе жатқан энергия тұтынуын қамтамасыз ете алады. Сондықтан атом энергетикасы 2050 және 2060 жылдарға дейінгі мақсаттарға жету үшін стратегиялық шешім болып саналады және ол жасыл энергетикамен қатар дамуы тиіс.

Уранды жеткілікті деңгейде өңдеу қажет

Қазіргі уақытта Қазақстандағы барланған уран қорының жалпы көлемі 700 мың тоннадан астам, бұл — әлемдегі барланған уран қорының шамамен 10-15%-ын құрайды. Қазақстан жылына шамамен 20 мың тоннадан астам уран өндіреді. Бұл көрсеткіш елімізге уран өндіру бойынша әлемде бірінші орынға шығуға мүмкіндік берді.

2025 жылы кен орындарынан өндірілетін уран көлемі 25-26 мың тоннаға жетіп, тарихи рекорд орнатуы мүмкін. Көптеген халықаралық ұйымдардың болжамы бойынша, әлемде уранға деген сұраныс алдағы уақытта өсіп отырады. Әсіресе, парниктік газдардың көлемін азайтуды мақсат еткен мемлекеттер атом энергетикасын дамытуға белсенді кірісіп жатыр. Қазіргі уақытта әлемде шамамен 400-ге жуық атом электр станциясы жұмыс істейді және тағы 70-ке жуық станцияның құрылысы жүріп жатыр. Олардың басым бөлігі — біздің көршіміз Қытайда салынып жатқан нысандар. Қазір әлемде 31 мемлекетте атом электр станциялары бар және жыл сайын бұл қатарға жаңа мемлекеттер қосылуда. Осыған байланысты, Қазақстандағы уран рудасына деген сұраныстың өсіп отыратыны анық.

Атом электр станциялары үшін уран-235 изотопының 4,95%-ға дейін байытылғаны қажет. Ал әскери мақсаттағы атом қаруы үшін бұл көрсеткіш 90%-ға дейін жетуі керек. Демек, теориялық тұрғыдан, егер Қазақстан өз уранын реакторларға арналған деңгейге дейін байыта алса, ол қару-жарақ жасауға да мүмкіндік береді деген сөз. Бұл жағдай уран байыту технологиясына қол жеткізуді күрделі әрі саяси тұрғыда сезімтал мәселе етеді. Уранды өз елімізде байыту – ұзақ әрі күрделі процесс болмақ. Шынын айтқанда, Қазақстан тек уран рудаларын өндірумен ғана шектелмей, оны әрі қарай байытып, атом энергетикасын толыққанды дамытуға ұмтылуы керек. Яғни ядролық отын өндірісінің толық циклін жабу қажет. Қазақстанның барланған уран қоры мол болғанымен, қазіргі кезде өндірілген уран рудасы өңделмей шетелге кетіп жатыр. Қазіргі уақытта «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-да атом электр станцияларына арналған дайын отын таблеткалары өндіріледі. Алайда әлемде өндірілетін отын таблеткаларының жалпы көлемімен салыстырғанда бұл көрсеткіш өте аз, сондықтан оны өндірістік ауқым деп атауға келмейді.

Егер елімізде бірнеше атом электр станциясы салынса, кейбір мемлекеттер өздерінің уран байыту технологияларын бізге әкелуге мүдделі болуы мүмкін. Бұл, әрине, үлкен жетістік болар еді. Ал егер біз өз елімізде уранды байыта алмасақ, онда шикізатты арзанға сатып, кейін шетелден байытылған уранды қымбат бағаға қайта сатып алуымыз мүмкін. Сол себепті Қазақстанға толық циклді атом энергетикасын құру үшін көп жұмыс атқару қажет: басқа мемлекеттермен тиімді келіссөздер жүргізу, осы саладағы ғылыми-техникалық әлеуетті арттыру және халықаралық аренада атом энергетикасы саласындағы беделін көтеру. Бұл – уақыттың еншісіндегі міндет. Бірақ ең бастысы – етікшінің өзінде де етік болуы керек.

Атом энергетикасын дамытудың негізгі тәуекелдері

Жоғарыда аталған оң әсерлерімен қатар, Қазақстан үшін атом энергетикасын дамыту бірқатар маңызды тәуекелдер мен қауіптерді де алып келуі мүмкін. Біздің елде өкінішке қарай, көптеген ірі жобалар мен бағдарламалар іске қосылар алдында олардың пайдасы мен тиімділігі туралы көптеген уәделер айтылады. Алайда іс жүзінде мұндай жобалар өздерін толық ақтамай, елге тигізетін экономикалық пайдасынан гөрі кері әсері көбірек болып жатады. Мысал ретінде бәрімізге белгілі елордадағы LRT жобасын алуға болады. Оның экономикалық тиімділігі өте төмен болып шықты. Жобаны іске асыруға жұмсалған және әлі де жұмсалып жатқан миллиардтаған қаржының орнына халық үшін әлдеқайда пайдалы әрі тиімді жобаларды жүзеге асыруға болар еді.Осыған ұқсас жағдай атом электр станцияларын салу жобасында да қайталануы мүмкін. Егер Қазақстан үш атом станциясын салу жоспарын жүзеге асырса, бұл ондаған жылдарға созылатын және миллиардтаған доллар шығынды қажет ететін жоба болмақ. Оның елге нақты пайдасын көру үшін станциялардың экономикалық тұрғыда тиімді, экологиялық тұрғыда қауіпсіз және ұзақ мерзімді пайда әкелетін болуы өте маңызды.

Атом энергетикасы саласындағы ең үлкен қауіптердің бірі – апаттар мен техногендік оқиғалар. Тарихта орын алған Чернобыль апаты немесе Жапониядағы «Фукусима-1» сияқты апаттар қоғамның атом энергетикасына деген сеніміне үлкен соққы болды. Қазіргі заманғы технологиялар мұндай апаттардың алдын алуға бағытталған көптеген қауіпсіздік шараларын қарастырғанымен, халық арасында бұл туралы ақпарат әлі де жеткіліксіз таралған. Сол себептіапат болуы мүмкін деген қорқыныш қоғамда кең тараған. Бұл жағдайда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, әлемдік статистиканы, қауіпсіздік деңгейін және заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін халыққа нақты жеткізу өте маңызды.

Атом станцияларын салу – тек техникалық немесе экономикалық емес, сонымен қатар саяси мәселе де болып табылады. Кейбір мемлекеттер станция салу барысында өздерінің саяси мүдделерін көздеуі мүмкін. Мұндай жағдай Қазақстанға қысым көрсету құралына айналып кету қаупін тудырады. Сондықтан Қазақстан атом станцияларын салуда қауіпсіз әрі сенімді технологияларды таңдауы тиіс. Жобаның бағасына ғана емес, оның ұзақ мерзімді пайдасы мен стратегиялық маңыздылығына да мән беру қажет.Еліміз атом энергетикасы саласында тәуелсіз шешім қабылдай алатын, дербес технологиясы бар, қуатты ядролық инфрақұрылымы дамыған мемлекетке айналуды мақсат етуі тиіс. 

Қазақстанның тәжірибесі бар ма?

Ел арасында тараған көптеген мифтердің бірі – Қазақстанда атом энергетикасына қатысты ешқандай тәжірибе жоқ деген пікір. Мұны тексеру үшін өткен уақытқа көз жүгірту қажет. Бізде Ақтау қаласында 25 жыл бойы өндірістік атом электр станциясы жұмыс істеді – ол 1999 жылға дейін қызмет атқарды. Қазіргі уақытта өндірістік атом реакторлары болмаса да, елімізде Ядролық физика орталығында ғылыми зерттеулер жүргізілетін реакторлар бар. Бұл орталықтарда түрлі зерттеулер жүргізіліп, көптеген қауіпсіздікке қатысты ғылыми жұмыстардың нәтижелері мақала ретінде жарияланып жатыр. Кейбір шешімдер әлемдегі атом станцияларына енгізіліп те үлгерді. Істеліп жатқан жұмысты мойындап, бізде тәжірибе бар екенін мойындау қажет. Дегенмен, әлемде болып жатқан жетістіктерге көз жүгіртсек, бұл жеткіліксіз деңгейде орындалып жатқан жұмыстар. Дүниежүзінде жаңалықтардың көбі жаңа буын реакторларымен байланысты, және көптеген кішігірім реактор модельдері құрастырылуда. Қазақстандағы жасалып жатқан жұмыстармен салыстырғанда, бізде осы салада озық зерттеулер жүргізетін ғалымдар жетіспеушілігі мен ғылыми зерттеу орталықтарының жоқтығы байқалады. Бұл, әрине, қысқа уақытта шешілетін мәселе емес. Қазақстан ұзақ мерзімді жоспар құрып, тек атом станцияларын салумен ғана шектелмей, ғылыми жаңалықтар жасап, өзімізге жаңа технологияларды ойлап табатын ғылыми орталықтарды озық материалдық базамен және білікті ғалымдармен қамтамасыз етуі қажет.

Қай мемлекет атом станциясын салуы керек?

Қазақстан атом станциясын саламыз деп жариялағаннан кейін атом энергетикасымен айналысатын барлық мемлекет өздерінің ұсыныстарын жасады. Ел арасында «Қай мемлекет салуы керек?» деген мәселе төңірегінде көптеген пікірталас болды. Біреулер батыс Еуропа мемлекеттері салсын десе, біреулер көршілес Ресейді қолай көрді. Ал кейбіреулер Қытай немесе Оңтүстік Корея секілді мемлекеттердің салғанын дұрыс деп санады. Мемлекет жоспарланған үш атом станциясының екеуін салатын серіктестерді анықтады — олар Ресей мен Қытай мемлекеттері.

Ресейдің таңдалуының негізгі себебі — олардың арзан әрі тексерілген, сумен салқындатылатын реакторларды орната алуы. Дегенмен, бұл жерде белгілі бір тәуекелдер бар: қазіргі таңда Ресей әлемнің әртүрлі елдерінде салып жатқан атом станцияларында көптеген мәселелерге тап болып отыр — жобалардың уақытынан кешігуі, қаржының жетіспеуі сияқты қиындықтар жиі кездеседі. Бұған қоса, әлем мемлекеттерінің Ресейге қарсы салған санкциялары да бұл процестерге кері әсерін тигізуі мүмкін. Осы факторларды ескерсек, Ресеймен бірлесіп салынатын атом станцияларында тәуекел деңгейі анағұрлым жоғары болуы ықтимал.

Қытайға келетін болсақ, қазіргі уақытта бұл елде шамамен 30-ға жуық ірі және шағын атом станцияларының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, соңғы уақытта еліміздің Қытаймен қарым-қатынасы нығайып, Қытай қатысқан жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Қытайдың тәжірибесін және екі ел арасындағы жақсы қарым-қатынасты ескерсек, Қытайдың ұсынысы Ресейге қарағанда тартымдырақ болып көрінеді.

фото: freepik.com

Бауыржан Биахмет

Автор

  • Редакция

    Sarapshy.info – 2021 жылы қазан айында тәуелсіз медиа ретінде жеке бастама болып құрылған республикалық сараптамалық ақпарат агенттігі. Қазіргі күні агенттікті вебсайт, Instagram, Facebook, TikTok желілеріндегі парақшалар, Телеграм арнасы, ресми Youtube арнасы құрайды. 100% қазақ тілінде ақпарат таратады. Редакциясы Орал қаласында орналасқан.

    Барлығын қарау
Атом энергиясы АЭС Бауыржан Биахмет Көмір Қазақстан Атом Электр Станциялары Қазақстанда АЭС салу Қазатомпром реформа Үшінші ақпарат Энергетика министрлігі
Бөлісу Facebook Twitter Pinterest LinkedIn Tumblr Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Оқи отырыңыз...

Саясат

«Қоғамдық кеңестердің қолында ешқандай тетік жоқ»

26/11/2025
жаңалық

Оралда колледж директоры қыруар шәкіртақыны қалтаға басқан

19/11/2025
жаңалық

БҚО-дағы жол апатына қатысты арнайы комиссия құрылды

18/11/2025

Жаңа мақалалар

БҚО-да заңсыз салынған 45 құрылыс нысанына тыйым салынды

жаңалық 03/12/2025

Қазақстанға кәсіпкерге алғаш рет цифрлық теңгемен несие берілді

жаңалық 03/12/2025

Ақтау маңында құлаған ұшақ апатын тергеу қорытындысы жарияланады

жаңалық 03/12/2025

Цифрландыру отынның «көлеңкелі» айналымын 20%-ға дейін азайтты

жаңалық 02/12/2025

Кореяда қазақстандық мигранттарды ерікті түрде шығару мерзімі ұзартылды

жаңалық 02/12/2025
Сайт мұрағаты
Декабрь 2025
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031  
« Ноя    
Advertisement

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.
Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің №KZ30VPY00040617 куәлігі берілген.

Поштамыз: sarapshy.info@gmail.com

Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram

Соңғы жаңалықтар

БҚО-да заңсыз салынған 45 құрылыс нысанына тыйым салынды

03/12/2025

Қазақстанға кәсіпкерге алғаш рет цифрлық теңгемен несие берілді

03/12/2025

Ақтау маңында құлаған ұшақ апатын тергеу қорытындысы жарияланады

03/12/2025

Sarapshy.info-ға жазыламын

Сараптамалар мен шолуларды тұрақты оқимын десеңіз

© 2021- 2025 «Медиа білім» қоғамдық қоры. Авторлық және жанама құқықтар толық сақталған.

Іздеу үшін Enter пернесін басыңыз. Бас тарту үшін Esc пернесін басыңыз.