2020 жылы RBK Bank-тен 144 миллиард теңге жымқырғаны үшін сотталған банкир Жомарт Ертаев рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шықты.
Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде сот үкіміне сәйкес өтеген. Бұл туралы қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
– Сот шешімі негізінде оған рақымшылық актісі қолданылып, бостандыққа шығарылды, — делінген комитет хабарламасында.
Экс-банкир алдағы уақытта бақылау үшін пробация қызметінің есебіне қойылған.
Жомарт Ертаев ісі
Банкир аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде болды. 2018 жылы Жомарт Ертаев Мәскеуде Қазақстан ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша ұсталды. Кейін 2019 жылы Ресей Федерациясынан Қазақстанға экстрадицияланды.
Ол 2011-2017 жылдары қызметін пайдаланып, алдын ала сөз байласқан тұлғалармен бірге «Bank RBK» АҚ-нан 144 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Аталған іске 54 адам тартылған. Олардың қатарында 41 топ-менеджер мен банк қызметкері болған.
Алматы соты 2020 жылы экс-банкирді 11 жылға бас бостандығынан айырды. 2021 жылы оған Алматыдағы үш банктен қаржы жымқыру ісі бойынша тағы үкім шықты. Ертаев қылмыстық топты ұйымдастырғаны әрі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, тоғыз жылға сотталды.
Экс-банкир рақымшылыққа ілініп, бес жылдан кейін еркіндікке шығып отыр.
Елімізде рақымшылық заңына сәйкес 900-ден астам адам түрмеден босатылды. Олардың ішінде 101 әйел адам және алты кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Бұл жөнінде осыған дейін Ішкі істер министрлігі Sarapshy.info порталына хабарлаған еді.
Еске салайық, 2025 жылдың 23 маусымында Қазақстанда Конституцияның 30 жылдығына орай амнистия жарияланды. Соған сәйкес 15 мыңнан астам сотталушы тізімге енеді. Олардың шамамен екі мыңы бостандыққа шықса, қалғандарының жаза мерзімі қысқартылады.
Фото: Wikipedia

