Өңірлердің әлеуеті: өзара экономикалық өсім алшақтығы мен теңсіздігі

Қазақстанның 20 өңірі 2024 жылы экономикалық даму деңгейі бойынша біркелкі емес өсімді көрсетіп отыр. Кейбір өңірлер инвестициялар мен инфрақұрылым жобаларының арқасында жоғары өсімге қол жеткізді, ал басқаларында даму қарқыны төмен.

Аймақтарда орташа жалақы есебі бойынша екі есе айырмашылық байқалады

2024 жылдың III тоқсаны бойынша Қазақстанда орташа айлық жалақы деңгейі өңірлерге байланысты әртүрлі болып отыр. Ең жоғары орташа жалақы Атырау облысында тіркелді, яғни еңбекақы көлемі 613 мың теңге шамасында. Облыста мұнай-газ өндірісінің дамығаны жоғары жалақыға әсер етіп отыр.

Маңғыстау облысында да жалақы жоғары деңгейде, орташа есеппен – 601 мың теңге.

Алматы мен Астана қалаларында орташа жалақы 470-505 мың теңге көлемінде. Еңбекақы мөлшері ірі қалаларда экономикалық белсенділік пен қызмет көрсету секторы үлесінің көптігімен байланысты. Қарағанды және Павлодар облыстарында орташа жалақы шамамен 360-380 мың теңге аралығында.

Ал ауыл шаруашылығы саласына басым көңіл бөлетін Түркістан және Жамбыл облыстарында жалақы төменірек, яғни 280-300 мың теңге шамасында. Осы аймақтардағы еңбек нарығы мен салалық ерекшеліктер жалақының төмен болуына әсер етеді.

Жалақы өсімі Алматы қаласы (14,3%), Ақтөбе (14%) мен Павлодар (12,9%) облыстарында жоғары. Өңірлерде экономикалық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалады. Сонымен қатар инфляцияның әсерінен кейбір салада, мысалы, мемлекеттік басқару, қорғаныс және әлеуметтік қызметтерде жалақы нақты төмендеді.

Жалпы өңірлердегі жалақы айырмашылығы елдің экономикалық құрылымындағы әртүрлілік пен ресурстық ерекшеліктерден туындайды.

Ішкі миграция: халық облыстардан ірі шаһарларға көшіп жатыр

Қазақстандағы ішкі миграцияның негізгі үрдістері кейінгі жылдары белсенді өзгерістерге ұшырады. Елімізде ішкі көші-қонның артуына бірнеше факторлар әсер етіп жатыр: әлеуметтік жағдайды жақсарту, қолайлы жұмыс іздеу, қалаға жақын орналасу қажеттілігі және экологиялық жағдайдың ықпалы. Мысалы, 2024 жылы ішкі миграция көлемі өткен жылмен салыстырғанда шамамен 47,4%-ға артты. Мәселен, биылғы 9 айда Астана, Алматы, Шымкент қалаларына өзге өңірлерден 75 мыңнан астам тұрғын көшкен. Тек Астана қаласына қаңтар-қыркүйек айларында 50 мыңға жуық адам көшіп келген. Бұл көрсеткіш негізінен халықтың урбанизация үдерісіне бет бұрғанын білдіреді, әсіресе жастар мен еңбекке қабілетті тұрғындардың ірі қалаларға көшу үрдісі жиіледі.

Әсіресе, Астана мен Алматы сияқты ірі қалалар мигранттарды өзіне тартатын негізгі орталықтар болып саналады, себебі мұнда жұмыс мүмкіндіктері жоғары, инфрақұрылым дамыған, білім беру және денсаулық сақтау салалары жақсы қамтылған. Көптеген азамат ауылдық жерлерден немесе шағын қалалардан осы ірі қалаларға көшуді жөн көреді. Сонымен бірге Атырау, Ақтау сияқты өндірістік аймақтар да миграциялық ағынның ортасында тұр, осы шаһарларда жұмыс орындары мол, ал еңбекақы деңгейі жоғары.

Ішкі миграцияның теріс салдары да бар, ауылдарда халық санының азайып, әлеуметтік және экономикалық теңгерімсіздіктер туындайды. Мысалы, Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарынан халықтың жаппай көшуі осы өңірлердің экономикалық және демографиялық жағдайына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл аймақтарда тұрғын үй, жұмыс орындары, инфрақұрылым сияқты әлеуметтік қолдау шараларын күшейту қажеттілігі туындап отыр.

Ірі аймақтар мен қуатты өңірлер

Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлеріндегі экономикалық жағдай мен әлеует айырмашылығы айтарлықтай байқалады. Түркістан мен Жамбыл облыстары, негізінен ауыл шаруашылығы мен табиғи ресурстарға тәуелді аймақтар саналады. Бұл облыстарда экономикалық даму деңгейі төмендеу, себебі олар индустриалды және жоғары технологиялы салалардан басым.

Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстары сияқты аймақтар да ауыл шаруашылығы мен тау-кен өндірісіне негізделген экономикаға ие, бірақ олар дамыған инфрақұрылым мен инвестициялардың жоқтығынан әлсіз дамыған. Сонымен бірге Ұлытау мен Абай облыстарында экономикалық әлеует әлі де толық пайдаланылмаған, бұл өңірлерде жұмыссыздық пен кедейлік деңгейі жоғары болып келеді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның өңірлерінде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткіштері әртүрлі болған. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, Алматы қаласы мен Атырау облысы жоғары көрсеткішке ие.

Қалған аймақтарда ЖІӨ жан басына шаққанда көрсеткіштер төменірек болды, әсіресе ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің басым салаларында. Мысалы, Түркістан мен Жамбыл облыстары сияқты өңірлерде бұл көрсеткіштер әлдеқайда төмен, оларды ауыл шаруашылығы мен дәстүрлі секторлар басқарады.

Алматы қаласының республикадағы үлесі 20,4%-ды құрап отыр. Қала экономикасы азық-түлік және сусындар өндірісіндегі өсіммен де күшейіп келеді. Алматының 2024 жыл қорытындысында экономикасы 5,5%-ға дейін өседі деп күтіліп отыр.

Астана қаласы елорда ретінде негізгі қаржылық және инфрақұрылымдық жобаларға назар аударады. Қалада құрылыс және қызмет көрсету секторлары қарқынды дамып келеді және жалпы өңірлік өнімде оның үлесі жоғары. Республикадағы үлесі 10,4%-ға жетті.

Атырау облысының Қазақстанның мұнай және газ өндірудің негізгі орталығы ретінде аймақтың жалпы өңірлік өнімге қосқан үлесі зор. Дегенмен 2024 жылы өндірістің төмендеуі байқалды, нақты көлем индексі 95%-ға дейін төмендеді. Бұл мұнай нарығындағы тұрақсыздыққа байланысты болуы мүмкін.

Қарағанды облысында негізінен металлургия мен көмір өнеркәсібі дамыған. 2024 жылы өңірдің нақты көлем индексі 113,1%-ға өсіп, ол елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды.

Металлургия және ауыл шаруашылығы салалары – Шығыс Қазақстан облысы экономикасының басты секторлары. ЖӨӨ көрсеткіштері бойынша облыс тұрақты дамып жатыр, еңбек өнімділігі де жоғары нәтиже көрсетіп отыр.

Маңғыстау облысы мұнай өндіру саласында алдыңғы қатарда болғанымен, өңірдегі қысқа мерзімді экономикалық индикатор төмендеген, нақты көлем индексі – 96,2%-ды құрайды. Бұл өңірдің мұнайға тәуелділігін көрсетеді.

Жетісу және Ұлытау облыстары, екі өңір де жыл басынан бері қарқынды дамыды, әсіресе ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі салалары тұрақты дамуда. Нақты көлем индексі 114,4%-ға дейін жетті, бұл көрсеткіш оларды Қазақстандағы экономикалық өсімнің көшбасшы аймақтарына айналдырды.

Қазақстандағы өңірлердің экономикалық дамуының әртүрлілігі жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіштерінде анық көрініс табады, бұл өңірлердің салалық және ресурстық ерекшеліктерінен туындайды.

Қазақстанның өңірлеріндегі әлеуетті дамыту үшін мемлекеттік саясат, жаңа инвестициялар тарту және инфрақұрылымдық жобаларға басымдық берілуі керек. Бұл теңсіздікті жеңуге және экономикалық өсімді барлық аймақта таратуға мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Sarapshy.info

Басты сурет kapital.kz сайтынан алынды

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз