ХҚКО серіктестері дербес деректерді қаншалықты қорғайды?

Үкімет кәсіпкерлер сегментіне халыққа қызмет көрсету орталығын ашуға мүмкіндік бермек. Алайда халықты дербес деректердің құпиялығы мен қауіпсіздігі, кәсіпкерлердің сенімді болуы алаңдатады.

Осыған байланысты деректердің қорғалуы, жобаның негізгі мақсаты, жеке тұлғалар үшін құқықтық тұрғыдан маңызы туралы Sarapshy.info редакциясы мамандар пікірін білді. Алдымен  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ұсынып отырған  қызметтің үш түріне жеке тоқталып көрейік.

Мемлекеттік корпорация агенті

  • Мемлекеттік корпорация агенті – бұл мемлекеттік корпорациямен арнайы келісім жасасқан жеке кәсіпкер. Агент мемлекеттік қызмет көрсетуге байланысты құжаттарды қабылдау және дайын нәтижелерді беру қызметін атқарады.

Агент не істейді?

  • Агент арнайы тіркеуден өтеді.
  • Ол мемлекеттік корпорацияда тіркелген ноутбукты пайдалана отырып, азаматтардан мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініштер қабылдайды және нәтижелерді жеткізеді.
  • Қызмет көрсету «Халыққа қызмет көрсету орталықтары» (ХҚКО) және «Электрондық үкімет» порталы арқылы жүзеге асады.
  • Клиенттердің өтініші бойынша, қажет болған жағдайда, қызмет көрсету үшін клиенттің орналасқан жеріне бара алады.

Жүйе серіктесі

Әріптестік ұйымдар өз кеңселерінде ХҚКО жүйесін пайдаланып, азаматтарға мемлекеттік қызметтер көрсетеді. Бұл үшін инфрақұрылым (ғимараттар, техника және т.б.) дайын болуы керек.

Бұл жүйе азаматтарға мемлекеттік қызметтерді жақын әрі ыңғайлы жерде алуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік корпорация техникалық тұрғыдан қолдаса, әріптестік ұйымдар қызмет көрсетуді ұйымдастырады.

ХҚКО-ны сенімгерлік басқаруға алу

Сенімгерлік басқару – Халыққа қызмет көрсету орталығын (ХҚКО) басқа ұйымның басқаруына беру. Бұл жағдайда әріптес ұйым мемлекеттік корпорацияның атынан ХҚКО-ны басқарып, қызмет көрсетуді ұйымдастырады.

Сенімгерлік басқаруға беру кезінде мемлекеттік корпорация мен әріптестік ұйым бірге жұмыс істеп, ХҚКО қызметін ұйымдастырады. Мемлекеттік корпорация ғимарат пен жүйені беріп, әдістемелік көмек көрсетсе, әріптес ұйым азаматтарға қызмет көрсетіп, бұл жұмысты толық өз мойнына алады.

Мамандар не дейді?

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ұсынып отырған ынтымақтастық түрлерінің артықшылығын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Нәдір Құрымбаев түсіндіріп берді.

Төраға орынбасары жобаның негізгі мақсаты – табыс табу, үлкен бизнес жоба ретінде іске асыру емес, мемлекеттік қызметтердің қолдану аясын кеңейту дейді.

«Бұл бизнес жоба емес, Қазақстанның әрбір тұрғынына мемлекеттік қызметті қолжетімді етуге тырысуымыз керек. Мемлекеттік қызметтер онлайн түрде де көрсетіледі. Яғни Egov mobile, ХҚКО-ның бейнебайланысы, екінші деңгейлі банктердің қосымшалары және Egov порталы арқылы. Соған сәйкес негізгі мақсат – мемлекеттік қызметті халық іздемеуі керек, халыққа өзі баруы керек», дейді.

Кәсіпкерлер мемлекеттік қызмет көрсетуден табыс таппайтынын айтты. Мәселен, баж салығының мөлшері ХҚКО-да қалай бекітілді, жеке кәсіпкер одан басы артық қаражат алмайды.

Көптеген ауыл-аймақта тұрғындарға қарапайым құжатты алу үшін аудан, облыс орталықтарына баруға тура келеді. Осы тұста қызмет алушы таңдауды өзі жасайды. Құжаттарын алу үшін мемлекеттік корпорацияға жүгіне ме, әлде серіктестерге жолыға ма, – өзі біледі.

Кәсіпкер қалай табыс табады десеңіз, бұл жобаға серіктес болу арқылы қосымша қызметтерін ұсына алады. Мысалы, құжатты клиент өтініш білдірген кез келген жерге жеткізіп береді. Сол үшін ақы алуы мүмкін. Нәдір мырзаның айтуынша, бұл қызмет жеке кәсіпкерге, заңды тұлғаға тиімсіз болуы мүмкін, бірақ заңды тұлғаларға, мәселен, серіктес болуға өтініш жасаған екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелеріне тиімді екенін тілге тиек етті.

«Бекітілген сомадан артық ақша қосып, қызметтерді қымбатқа көтеруге болмайды. Ол қатаң бақыланады. Мәлкім, ХҚКО ретінде қызмет көрсетсе, кафе ашып, қосымша табыс табады деген ойдамын», — деді Құрымбаев.

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2024 жылғы 10 сәуірдегі № 219-бұйрығында «Егер әріптестік ұйым халыққа мемлекеттік қызметтерді тегін көрсететін болса, мемлекеттік корпорация оларға әріптестік сыйақы төлей алатынын және сыйақы көрсетілген қызмет санына қарай есептелетіні» жазылған.

 Ал әріптестік ұйым  мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге бірлескен қосымша сервистерді іске асырудан түскен пайданың бір бөлігін мемлекеттік корпорацияға төлейді.

Төрағаның орынбасары азаматтардың жеке деректерінің сақталуына алаңдаушылық білдірген жұртқа олардың дербес деректері мен цифрлық қауіпсіздігі заң бойынша сақталатынын айтты. Егер деректер сыртқа шығарылса, бұл қылмыстық жауапкершілік екенін ескертті:

«Одан бөлек, келісімшарт жасалады. Көбінде барлық дерек қолжетімді болады деген қате түсінік бар. Мысалы, сіз қызмет алуға келдіңіз, жеке куәлікті бересіз, ЖСН толтырады. Одан басқа деректер қолжетімді болмайды. Деректер туралы ақпарат біреуге айтылса, ол – қылмыстық жауапкершілік».

Деректердің сақталуы маңызды

 Осы тұста IT маман Нұрсұлтан Әубәкіров деректердің құпиялығы мен қауіпсіздігі тұрғысынан бірнеше маңызды факторға тоқталып, түсіндіріп берді.

«ХҚКО-ны жеке кәсіпкерлерге берсе, алыс аймақтағы халыққа ыңғайлы болады. Бірақ жеке тұлғалардың деректерімен жұмыс істеу жауапкершілікті талап ететіні рас. Сенімсіздік тудыратын фактор ол жеке кәсіпкерлердің ақпараттық қауіпсіздік стандарттарын сақтауы мемлекеттік деңгейдегі кепілдікке қарағанда әлсіз болуы мүмкін. Егер қатаң регламенттер мен қауіпсіздік стандарттары (мысалы, ISO 27001) енгізілсе, бұл бастама тиімді әрі қауіпсіз болуы мүмкін. Жеке деректердің қауіпсіздігіне кепілдік беретін нақты механизмдер болмаса, бұл бастаманың тәуекелдері жоғары. Дегенмен мемлекеттің қадағалауымен және арнайы ақпараттық қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы мұндай жүйені құруға болады деп ойлаймын», – дейді маман.

IT-маманды да алаңдататын мәселе — соңғы уақытта интернет алаяқтық пен деректерді ұрлау жағдайларының көп кездесуі.

«Күмәнданатын жайт, мені жеке кәсіпкерлердің техникалық мүмкіндіктері мен ақпараттық жүйелерін қорғау деңгейі алаңдатады. Ұсынатын шешімім: мемлекет деректердің құпиялығын сақтау үшін орталықтандырылған бақылау жүйесін енгізу қажет. Бұл жеке кәсіпкерлердің тек шектеулі деректерге қолжетімділігін қамтамасыз етіп, артық құқық бұзушылыққа жол бермейді деген сенімдемін», — дейді ол.

Қоғамдық  тыңдалым қажет

Заңгер, қоғам белсендісі Бауыржан Зәки бұл жоба әлі де талдауды қажет ететінін айтады. Оның сөзінше, Қазақстанда жеке деректерді сатып жіберетін жайттар жиі болады, бірақ құқық бұзушыларды заңмен қорқыту да мүмкін емес.

«Мен бұл жобаға қарсымын. Біріншіден, бізде банктердің өзі адамдарың жеке деректерін сатып жіберген жағдайлар көп, сәйкесінше алаяқтық та көп. Өкінішке қарай, біз заңды сыйлайтын, заңға бағынатын ел бола қойған жоқпыз. Екіншіден, «қылмыстық жауапкершілік бар, кәсіпкер жауапқа тартылады» дегенмен бұл тетік қаншалықты іске асады, осы жағы беймәлім. Ол үшін алдымен азамат арыз жазу керек. 200 адамның бір-екеуі ғана арыз жазса, ондай жағдайда іс қозғалмауы да мүмкін. Үшіншіден, мемлекет неге азаматтардың жеке дерегіне қатысы бар жүйені басқа біреулердің қолына бергісі келеді? Онсыз да ол қызметті өздері атқарып келе жатыр емес пе? Төртіншіден, қоғамдық тыңдалым болу керек. Бізге қатысты дүниені бізден рұқсат сұрауы керек. Жеке деректердің мемлекеттік органдардың құзіретінде болғаны әлдеқайда сенімді. Ол жерде бір адам емес, толық орган жауапты. Кәсіпкерлерге пайда болмайды дегеннің өзі – үкім. Бизнес пайда табу үшін ашылады. Пайда жоқ болса, кәсіпкер бармайды», – дейді заңгер.

Қорыта келе, кәсіпкерлер қолдауымен жеке меншік халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылса да, штаттық режимдегі  ХҚКО-лар өз жұмыстарын жалғастыра береді. Десе де, осы уақытқа дейін интернет алаяқтыққа жиі ұшыраған тұрғындар күмәнмен қарауы мүмкін. Министрлік дербес деректердің қауіпсіздігіне кепілдік берсе де, жеке кәсіпкерлердің ақпараттық жүйелерін қаншалықты қорғай алатыны алаңдатады. Бұл туралы IT-маман да, заңгер де мемлекеттік деңгейде қорғалған құжаттың салмағы басым екенін айтады.

Айта кетейік, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдерінің жауабы бойынша қазірдің өзінде жеке ХҚКО ашуға 150-ден аса кәсіпкер өтініш берген. Оның ішінде Алматы, Астана және Алматы облысы кәсіпкерлерінің қызығушылығы жоғары.

Наргиза Ерес

Сурет: gov.kz

 

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз