FlyArystan қызметкерлері Дәуір Еркенұлы, Еркін Исанов және Ренат Абулхановты аса ірі мөлшерде ақша ұрлағаны үшін және ұрланған қаражатты заңдастырғандары үшін кінәлі деп танылды. Алматы қаласының Алмалы аудандық соты оларды 8,5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Air Astana компанияасы FlyArystan қызметкерлеріне қатысты сот үкіміне түсініктеме берді.
«Бұл үкім құқық бұзушылықтар Air Astana-ның ішкі тексеруі барысында анықталып, құқық қорғау органдарына жүгінуге негіз болғанын растағанын мәлімдеді», — делінген компанияның түсініктемесінде.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы Air Astana шотында 1 млрд теңге жетіспейтіні белгілі болды. Кейін бұл дерек бойынша компанияның бұрынғы қызметкерлеріне іс қозғалды.
FlyArystan әуе компаниясында кірістер бөлімінің басшысы қызметін атқарған Ренат Абулханов тергеу кезінде кей шенеуніктер мен лауазымды тұлғаларға билет жеңілдікпен сатылғаны туралы мәлімдеме жасады.
Билетті арзан бағамен алғандардың қатарында Air Astana басшысы Питер Фостердің әйелі Татьяна Фостер бар.
Питер Фостер болса 2025 жылдың қазан айында Air Astana-ның басшылық қызметінен өз еркімен кетті. Ол бұл лауазымға 2005 жылы тағайындалған еді.

