Еуропада 1960 жылдан бері кездеспеген ең ұзақ аптап ыстық басталды. Бұл туралы Euro News агенттігі хабарлады.
Климатологтардың айтуынша, аномалияға Пиреней жарты аралына жеткен Солтүстік Африкадан келген ыстық ауа массасы себеп болып тұр.
Португалияда +44°C-қа дейін жеткен ыстық салдарынан төтенше жағдай жарияланды. Өрт қаупі жоғары аймақтардың тұрғындары эвакуацияланған. Қазір елдің жедел қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Испанияны осы жазда екінші жылу толқыны басты. 4 тамыз елдің солтүстік-батыс бөлігінде орман өртеніп, 500 гектар жер күлге оранды.
Климаты бірқалыпты саналатын Скандинавия елдерінде де аптап ыстық рекордтық деңгейге жетті: Финляндияда үш апта, Швецияда он екі күн бойы ауа температурасы +30°C-тан түспей келеді.
Польшада ыстықтан кейін күн күркіреп, нөсер жауын мен бұршақ жауып, екпінді желдің жылдамдығы 80 км/сағ-қа жетті. Бірақ қазір көптеген өңірде ауа температурасы +30°C-тан асқан, демек жаңа ыстық толқыны басталуы мүмкін.
Италияда күннің ыстығы басылып, Адриатика жағалауында жаңбыр жауды.
фото: freepik.com

