Еуропалық комиссия Ресейден құбырлар мен сұйытылған газды жеткізуге толық тыйым салу туралы құжатты жариялауға ниет етіп отыр, деп жазды Bloomberg дерегіне сүйене отырып DW басылымы.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Еуропа Одағы 2027 жылдың аяғында ресейлік газдың импортынан бас тартады. Еуропалық комиссия маусым айында Ресеймен жаңа келісімдер және қолданыстағы спот келісімшарттар бойынша газ сатып алуға тыйым салуды көздеп отыр.
Еуропалық комиссия осыған байланысты өз жоспарын 6 мамырда Страсбургте жариялайды, деп жазды Bloomberg.
Шектеулер осы жылдың соңына қарай күшіне енуі де ғажап емес, бірақ Ресейден газ импортына түпкілікті тыйым салудың нақты мерзімі ЕО елдерінің басқа елдерден, атап айтқанда АҚШ, Катар және Канададан, сондай-ақ Африка елдерінен сұйытылған газды жеткізу мүмкіндігіне байланысты болады, деп жазды Bloomberg.
Америка Құрама Штаттары мен Катардан тек 2027 жылдан бастап үлкен көлемде газ жеткізіле бастауы мүмкін.
Ресейдің Еуропаға газ импортының көлемі 2022 жылы федерацияның әскері Украинаға басып кіргелі күрт кеміді. Дегенмен Ресей Түркия арқылы өтетін құбыр арқылы газдың, сондай-ақ сұйытылған табиғи газдың ірі жеткізушісі болып қала береді.
фото: С. Красильников / ТАСС