Қазақстанда 1967 локомотив парктерінің 52%-ы, 142 мың жүк вагондарының 54%-ы, 2672 жолаушы пойызының 42%-ы тозығына жеткен. Бұл туралы үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев хабарлады.
Министрдің айтуынша, 2025 жылдан бастап Қазақстанда теміржол жүйесінің сапасын арттыру үшін бірқатар жоба жоспарланып отыр.
Биыл «Достық – Мойынты» және «Алматы айналма теміржолы»желілерінің құрылысы аяқталады. 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жол салу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Мемлекетаралық теміржол жүйесін дамыту да қолға алынған көрінеді. Шілдеден бастап Қытайға қатынайтын «Достық – Мойынты» желісіне жаңа пойыздар қосылды.
Ведомство басшысының сөзінше, транзиттік теміржол тасымалы халықаралық сауда бағыттарын дамытуға да әсерін тигізеді. Соңғы 10 жылда Қазақстанда транзит көлемі екі есеге өсіп, 2024 жылы 27,4 млн тоннаға жетті.
Көлік министрлігінің мәліметіне сәйкес елімізде локомотивтердің жартысынан көбі ескірген, үкімет отырысында Сауранбаев бұл мәселенің шешімін ұсынды.
«Жаңарту бағдарламасына сәйкес, 2029 жылға дейін барлығы 456 локомотив сатып алмақпыз. Локомотивтерді қазақстандық «Электровоз құрастыру зауыты», «Локомотив құрастыру зауыты» және Қытайдың CRRC компаниясы жеткізеді», — деді ол.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов министрлікке барлық теміржол станцияларының реконструкция жұмыстарын тездетуді тапсырды. Естеріңізге сала кетейік, биыл БҚО-да төрт вокзал жаңартылып жатыр. Олардың ішінде Орал, Қазақстан, Шыңғырлау және Жетібасты мар станциялары бар.
Көлік министрлігі теміржол саласын цифрландыру үшін жасанды интеллектінің көмегіне жүгінеді, деп хабарлады Нұрлан Сауранбаев. Жасанды интеллект апаттың ықтимал қауіптерін және жолдар мен жылжымалы құрамның тозуын алдын ала есептей алады. 2025 жылдың шілдесінде елімізде Орталық Азиядағы суперкомпьютер іске қосылды. Қазір бұл құралды теміржол саласына қолдану жолдары қарастырылып жатыр.

