Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Ақмәди Сарбасов ұсталды.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшысының ұсталғанын растайды. Министрлік тергеу органдарына белгіленген тәртіп бойынша көмек көрсетеді. Тергеу барысына қатысты толық мәлімет беру уәкілетті органдардың құзыретіне жатады», – деп хабарлады ведомство.
Kozachkov offside арнасы жариялаған ақпарат бойынша Экономикалық тергеу департаменті Еңбек министрлігіне қарасты — «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» базасында жеке деректердің таралуына жол берілгенін анықтаған. Орталықта зейнеткерлер, әлеуметтік төлем алатындар және еңбек шарттары туралы ақпарат бар.
«Бірінші кредиттік бюро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері орталық арқылы ақпаратқа жедел қол жеткізуді көздеген. Осы себепті «Бірінші кредиттік бюро» басшысы Руслан Омаровқа қатысты іс қозғалған. Ал «Еңбек ресурстарын дамыту орталығын» Ақмәди Сарбасов басқарған.
Бұған дейін TSARKA кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы әлеуметтік желіде қазақстандықтардың жеке деректері енген 16,3 миллион жазбаның таралғанын мәлімдеген еді.
фото: ҚР үкіметінің баспасөз қызметі