2024 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстанда көмір өндіру көлемі 101,31 млн тоннаға жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,25 млн тоннаға аз. Алайда қараша айында компаниялар 10,3 млн тонна көмір өндірді, бұл 2023 жылдың қараша айымен салыстырғанда 6,6%-ға көп. Сала қорытындысын Ұлттық статистика бюросы жариялады.
Статистикаға сәйкес, өндірілген көмірдің басым бөлігі тас көмірге тиесілі — 94,07 млн тонна. Жыл бойына тас көмір өндірісі 3,4%-ға төмендеген. Бірақ 2023 жылдың қараша айымен салыстырғанда биылғы қараша айында 4,2%-дық оң динамика байқалады.
Қоңыр көмір өндірісі өткен жылмен салыстырғанда азайған. Ағымдағы жылдың қаңтар-қараша айларында кен орындарында 3,4 млн тонна қоңыр көмір өндірілді, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29%-ға аз. Дегенмен, қараша айында өндіріс қарқыны 34,1%-ға өсіп, 700,8 мың тоннаға жетті.
2024 жылдың 11 айында көмір концентратын өндіру көлемі 3,79 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,2%-ға жоғары. Оның ішінде қараша айындағы өндіріс 282,1 мың тонна болды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше елде 19 көмір өндіруші компания жұмыс істейді. Биыл 11 ай ішінде олардың өндіріс көлемі қаржылық тұрғыдан 480,6 млрд теңгеге жетті, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға жоғары. Қараша айында өндіріс көлемі 56,1 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың қарашасымен салыстырғанда 16%-ға өсті.
Бұл көрсеткіштер көмір өнеркәсібінде әртүрлі өзгерістер бар екенін және өндірістің кейбір салаларында оң динамика байқалатынын көрсетеді.
Сурет: Pexels.com