Премьер-Министр Олжас Бектенов Ақтау маңындағы ұшақ апатынан кейін авиациялық қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды.
«Бұл қайғылы жағдай, бізге де ұшу қауіпсіздігі бойынша тиісті шараларды қабылдау керектігін білдіреді. Бірінші кезекте жоспардан тыс тексеру жүргізу және әуежайлардың, әуе кемелерінің техникалық жағдайын ерекше бақылауға алу қажет. Өткізіліп отырған іс-шаралардың шеңберінде отандық авиакомпаниялар экипаждардың біліктілігін, рұқсатнамаларын және құзыретін қайта тексеру керек», — деп мәлімдеді.
Бразилиядан авиация сарапшылары келеді
Көлік министрлігі Әзербайжан Республикасы Үкіметімен бірлесіп жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Бразилияның авиациялық орталығы (CENIPA) мен Embraer 190 компаниясы өкілдерінің келуін күтіп отыр. Түпқараған ауданында жергілікті техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.
Қазақстанға Әзербайжан Республикасының санитарлық авиация бригадасы мен Azerbaijan Airlines (AZAL) авиакомпаниясының өкілдері келді.
Ұшақ апатын тергеу бойынша комиссия құрылды. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Үкімет ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетеді. Сондай-ақ, қайтыс болған шетелдік азаматтардың жақындары Маңғыстау облысына келген жағдайда оларға да көмек ұсынылады.
Ақтауда құлаған ұшақтың конструкциялары бөлшектелуде
Ақтаудағы құлаған ұшақтың конструкцияларын бөлшектеу жұмысы жүріп жатыр. Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, апат орнына 492 адам, 102 техника, 2 ұшақ, 10 кинологиялық топ жұмылдырылды. Атқарушы топтың ішінде Әзербайжан ТЖМ қызметкерлері де бар.
Апаттан зардап шеккендердің туыстарына психологтар қолдау көрсетеді. Қазірге дейін жедел желіге 1 063 өтініш түскен.
Жағдайға қатысты соңғы мәліметтер бойынша кеше авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу нәтижесінде Ақтау қаласының медициналық мекемелеріне 29 адам жеткізілді. Оның ішінде кәмелетке толмаған 3 бала бар. Оқиға орнынан табылған 38 мәйіт медициналық сараптама орталығына жіберілген. Олардың ішінде 6 Қазақстан азаматы және 3 экипаж мүшесі бар. 7 адамның денесі анықталды. Сонымен қатар ТЖМ құтқарушылары қара жәшікті тапты.
Ресей ұшағы ауруханада жатқан 9 азаматын алып кетті
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ақтау маңында құлаған ұшақтан зардап шеккен жолаушылардың хал-жағдайын мәлімдеді. Тірі қалған 29 адамның 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасында ем алып жатыр.
«26 желтоқсан күні таңертең 11 пациент реанимация бөлімшесінде, 13-і – травматология бөлімшесінде, 2-еуі – нейрохирургия бөлімшесінде, 1-еуі – хирургия бөлімшесінде ем алды. Пациенттердің жағдайы бойынша: екеуі аса ауыр жағдайда, 11 ауыр жағдайда, 14 – орташа ауырлық дәрежесінде, 2 пациенттің шағымы жоқ, қанағаттанарлық жағдайда. 11 пациенттің сегізі өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр және дәрілік седация, тониктер қабылдауда», — деп жазылған министрлік хабарламасында.
Астанадан Ақтауға әуе апатынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін санитариялық авиация ұшағымен екі реаниматолог, төрт травматолог, нейрохирург және комбустиолог жіберілген еді.
Министрлік ұсынған мәліметте бүгін, 26 желтоқсанда РФ Апаттар медицинасының бортымен Ақтаудан Мәскеуге тоғыз Ресей азаматы қайтарылды. Оның біреуі — бала.
Ұшақ апатынан қаза болған Қазақстан азаматтарының тізімі:
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі қайтыс болған Қазақстан азаматтарының тізімін жариялады. Оның біреуі – бала.
- Төлесінов Сәндібек Екібайұлы – 16.11.1988 ж.т.
Туған жері: Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны
- Жұмағұлов Бауыржан Жұмабайұлы – 30.09.1985 ж.т.
Туған жері: Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны
- Махсудова Галина Растамбековна – 01.1978 ж.т.
Туған жері: Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының тұрғыны
- Шаймерденова Гаухар Жұмағатқызы – 17.07.1975 ж.т.
Туған жері: Алматы қаласы, Астана қаласының тұрғыны
- Жұмағат Эльдар – 23.08.2013 ж.т.
Туған жері: Астана қаласының тұрғыны
- Джутаева Салима Аманжолқызы – 02.1995 ж.т.
Туған жері: Қостанай облысы, Қарағанды қаласының тұрғыны
Оқиғаның мән-жайы
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсан күні, сағат 11.30-да Ақтау қаласының маңында жолаушылар ұшағы құлады. Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы Баку-Грозный № J2-8243 рейсін орындау кезінде Ақтау қаласынан 3 шақырым қашықтықта құлаған. Салдарынан ұшақтың корпусы екіге бөлініп, олар бір-бірінен 300 метр қашықтықта жатқан.
11.35-те құтқарушылар келіп, сағат 12.05-те өрт толық сөндірілді. Апат ауданы 4 200 шаршы метрді алды. Ұшақтың бортында 67 жолаушы, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болды.
Ұшақ бортына оқ тиген болуы мүмкін деген нұсқа кеңінен таралып жатыр. Бірақ Қазақстан тарапы мұның жай болжам екенін, тергеу аяқталған соң ғана апаттың нақты себебі белгілі болатынын мәлімдеді.
Қазақстанда Air Astana әуе компаниясы Embraer 190 ұшақтарын пайдаланған. Бірақ кейін техникалық ақауға байланысты 2020 жылы осы әуе көліктерінен бас тартқан.
Алғашқы көмек көрсеткендер – энергетиктер
Ұшақ құлаған сәтте апат орнына бірінші төтенше жағайлар қызметінің мамандары емес, қарапайым жұмысшылар барған. Олар «Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» Сайын Шапағатов ауылындағы қосалқы стансасының қызметкерлері. Оқиға орнына жақын маңда жұмыс істейтін қызметкерлер жедел жәрдем мен құтқарушылар келгенше 10-15 адамды шығарып алған. Қазір бұл аймақты полиция күзетіп тұр.
26 желтоқсан – Әзербайжанда қаралы күн
Әзербайжан Республика президенті Ильхам Әлиев 26 желтоқсан қаралы күн деп жарияланды.
Сондай-ақ Azerbaijan Airlines Баку – Грозный – Баку және Баку – Махачкала – Баку бағыттары бойынша рейстерді қысқы кесте аяқталғанға дейін тоқтатады.
Аталған бағыттар бойынша билеттердің ақшасын толық қайтару немесе сапар күнін айыппұлсыз өзгерту мүмкіндігі бар.
Сурет авторы: Азамат Сарсенбаев