БҚО-да шаруа қожалығы 20 миллион теңгеден астам субсидия қаражатын заңсыз иемденген

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының прокуратурасы субсидия беру кезінде заң бұзушылық фактісін анықтады. Шаруа қожалық иесі 20 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын ысырап еткен. Бұл туралы БҚО прокуратурасы хабарлады.

Мәселенің мән-жайы

2021 жылы 25 желтоқсанда жергілікті шаруа қожалығы 442 асыл тұқымды қой сатып алуға өтініш беріп, 6 630 000 теңге көлемінде субсидия алған. Алайда прокурор талдауы барысында бір жылдың ішінде бұл малдың ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру дерекқорынан шығарылғаны белгілі болды.

2019 жылдың 15 наурызында Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген субсидиялау ережелеріне сәйкес, шаруа қожалықтары асыл тұқымды мал басын жыл бойы сақтауға міндетті (зоотехникалық нормаға сәйкес мал шығынын қоспағанда). Аталған шаруа қожалығы бұл талапты орындамаған.

Құқық бұзушылықтың салдарынан мемлекет есебіне 6 630 000 теңге көлемінде материалдық шығын тіркелді. Прокуратураның ұсынысы негізінде қазіргі уақытта мемлекетке 14,7 миллион теңге қайтарылды, ал қалған сома атқарушылық іс жүргізу тәртібінде өндіріліп жатыр.

Субсидияға қатысты басқа да заңбұзушылықтар

Дәл осындай жағдай биыл 30 қазанда Түркістан облыстарында тіркелді. Түркістан облысы прокуратурасы мал шаруашылығын дамытуға бөлінген 203 млн теңге субсидияны жымқыру фактісін анықтады. Сауран ауданының тұрғыны 20 адамның электронды цифрлық қолтаңбасын заңсыз пайдаланып, жалған мәліметтерді көрсеткен. Үш жыл ішінде ол шын мәнінде иелігінде жоқ ірі қара малдарға мемлекеттен субсидия алып отырған. ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-тармағы («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Алматы облысында прокуратура ауыл шаруашылығы басқармасында субсидияларды заңсыз төлеу және жымқыру схемаларын анықтады. Бас-аяғы 4,8 млрд теңге шығын есептелінген. Ауыл кооперативтері асыл тұқымды жануарларға арналған 1,2 млрд теңгені ұрлап, іс жүзінде селекциялық жұмыстар жүргізілмеген. Ұйғыр ауданында тіркелмеген мал басына 45,2 млн теңге субсидия төленген. Прокуратураның араласуымен бюджетке 110 млн теңге қайтарылды. Ұрлау фактілері бойынша бес қылмыстық іс қозғалып, тексеріс жалғасып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін 2025 жылдан бастап шаруаларға субсидияның орнына 5%-дан аспайтын несие берілетінін жазған едік.

 

Сурет: sputnik.kz

 

 

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз