Батыс Қазақстан облысында эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 16,4 миллиард теңге бөліну жоспарланып отыр, — деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігі.
Облыста эпизоотияға қарсы іс-шараларға бөлінетін қаражат жыл сайын өсіп отыр.
- 2023 жылы – 2,38 млрд теңге бөлінді.
- 2024 жылы – 3,35 млрд теңге қарастырылған.
- 2025 жылы – 3,48 млрд теңге бөлінеді.
- 2026 және 2027 жылдары – жыл сайын 3,61 млрд теңгеден бөлу жоспарланған.
Барлығы 5 жылда 16,4 млрд теңге бөлінеді.
Бұл қаржы жануарларды аурулардан қорғау, оларды емдеу, адамдарды жануарлардан жұғатын аурулардан сақтау, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты мақсаттарға жұмсалады дейді..
Мемлекеттік бағдарламаның міндеттерінің бірі — мал басын көбейту. Ірі қара саны – 599,7 мыңнан 650 мыңға дейін, ұсақ мал саны – 1160 мыңнан 1188 мыңға дейін, жылқы саны – 198,2 мыңнан 223 мыңға дейін, құс саны – 1388 мыңнан 1400 мыңға дейін өсіру көзделіп отыр.
Эпизоотияға қарсы іс-шаралар жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алу және оларды жою мақсатында жүргізіледі.
- Вакцинация: Жануарлар мен құстарды қауіпті ауруларға қарсы егу.
- Диагностикалық зерттеулер: Ауруларды ерте анықтау үшін жануарлардан қан және басқа да сынамалар алу.
- Карантиндік шаралар: Ауру анықталған аймақтарды оқшаулау және инфекцияның таралуын болдырмау.
- Дезинфекция және дератизация: Жануарлар ұстайтын орындарды, қораларды және айналасын тазалау, зиянкестер мен паразиттерді жою.
Жануарларды қорғау мен олардағы аурулардың алдын алу шаралары жасалғанымен, 2025 жылы қаңтар айында Оралдағы құс фабрикасының бірінде пастереллезден 126 мың құс қырылып қалды.
Сондай-ақ 2025 жылдың бірінші айында Қостанай облысындағы ірі қара мал өсірумен айналысатын шаруашылықта бруцеллез анықталды.
2024 жылы БҚО бойынша ветеринарияға қомақты мөлшерде қаражат бөлінгенімен, эпидахуал жақсармай тұр. Ол туралы төмендегі материалдан оқи аласыз:
Былтыр БҚО-дағы ветеринарияға 4,8 млрд теңге бағытталғанымен, эпидахуал жақсармаған
Сурет: gov.kz