Батыс Қазақстан облысында ауыз су сапасы мен халық тұтынатын тауарлардың қауіпсіздігіне қатысты жүргізілген тексерулер барысында 100-ден астам олқылық тіркелді. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.
2025 жылы тұтыну тауарларының қауіпсіздігін анықтау үшін жүргізілген мониторинг барысында 988 өнім сынамасы зерттеліп, 331 сәйкессіздік анықталды. Оның ішінде 73 тамақ өнімі және 258 тамақ емес тауар талапқа сай келмейді.
Өңірдің орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінде санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша 4163 сынама зерттеліп, оның 210-ы талапқа сай келмейтіні анықталды. Сәйкессіздіктер Ақжайық, Жангала, Жәнібек, Бәйтерек, Сырым, Тасқала, Теректі және Шыңғырлау аудандарында тіркелген.
Ал микробиологиялық көрсеткіштер бойынша Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Бәйтерек, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласында алынған 4273 сынаманың 179-ы нормаға сәйкес келмейді.
Орталықтандырылмаған су көздерінде санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша 209 сынаманың 25-і, микробиологиялық көрсеткіштер бойынша 194 сынаманың 24-і талапқа сай емес.
фото: freepik.com

