Батыс Қазақстан облысында 3,5 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жөнінде АШМ хабарлады.
«Өңірде ауылшаруашылығына арналған жалға заңсыз берілген 3 456 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бәйтерек ауданы әкімдігіне қатысты Жер ресурстарын басқару комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында құқық бұзушылық анықталды. Тексеру нәтижесінде жер учаскесі Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, ЖШС-ға берілгені белгілі болды. Атап айтқанда, Кодекстің 43-1-бабында көзделгендей, уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы тек конкурс негізінде берілуі тиіс болса да, конкурс рәсімі сақталмаған. Соған қарамастан жергілікті атқарушы орган заңсыз қаулы қабылдап, стандартты жалға беру шартын жасасқан», — деп жазды министрлік.
БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты жалға алу шартын жарамсыз деп танып, жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады.
Еске салсақ, Орал қаласы әкімдігі заңсыз берген 100 гектардан астам жер мемлекетке қайтарылған еді. Әкімдіктің АҚ-ға ауданы 119,7 га жер учаскесін заңсыз бергені, сол арқылы ҚР Жер кодексінің 48-бабын бұзғаны анықталды.
Фото: Freepik.com

