БҚО-да 142 миллион теңгеге автокөліктің «VIP» нөмірлері алынған

Бұл жайлы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі ақпарат таратты.

2021 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы 531 275 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер –  электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) беру, жеке куәлік пен паспорт беру, автокөлікті тіркеу.
Өткен жылдан бері сәтті жүзеге асырылып келе жатқан жаңалықтардың бірі – мобильді қосымша арқылы автокөлікті қайта тіркеу. Бұрын автомобильді тек автоцонда және egov.kz порталында қайта тіркеуге болатын.
Қазір мұны kaspi, homebank қосымшалары арқылы оңай жүзеге асыруға болады. 2021 жылы осы қосымшалар арқылы 20 мыңға жуық автомобиль тіркелген. Бұл – өңірде көлікті қайта тіркеу бойынша көрсетілген қызметтердің жалпы санының 23,5%-ы.

Көлік иелері арасында автокөлікті сатып алу және ресімдеу кезінде берілетін «әдемі» нөмірлерге сұраныс өсті.

«2021 жылы облысымыздың 536 тұрғыны «VIP» нөмірлеріне 142 миллион теңгеден астам қаражат жұмсаған. Ал 2020 жылы «жоғары сұранысқа ие» нөмірлер жалпы сомасы – 84 млн теңгеге 350-ден астам рет сатып алынды, яғни сұраныс өсуде. Клиенттің мамандандырылған бөлімде мемлекеттік нөмірді таңдауға құқығы бар. Сондай-ақ «жоғары сұранысқа ие» нөмірлер қатарындағы сандар немесе әріптер тізбегіне, бос болған жағдайда, тапсырыс беруге болады», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының БҚО бойынша филиалының директоры Надир Құрымбаев.

Қазір өңір тұрғындарына дайын құжаттарды жеткізіп беру қызметі қолжетімді. Оған қазірдің өзінде 150-ге жуық мемлекеттік қызмет түрлері қосылған. Олардың арасында жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу, жер учаскелеріне актілер, білім туралы құжаттарға апостиль қою, мұрағаттық анықтамалар, әскери билеттердің төлнұсқаларын беру бар.

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған