Тұрғындар әлі күнге дейін жарылу қаупі бар 300 мыңнан астам газ баллонды тұтынып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді.
«Біздің пайымдауымызша, 70-80 жылдары шығарылған 300 мыңнан астам жарамсыз газ баллондары бар. Біз олардың өте қауіпті екеніне көз жеткіздік. Сондықтан композиттік материалдардан жасалған баллондарды өндіру қажет», – деді министр.
Оның сөзінше, газ баллондарды композиттік материалдардан өндіру – әлемдік тәжірибе. Мұндай баллондар қауіпсіз болады.
Композиттік баллондардың металл баллондардан айырмашылығы – олар коррозияға ұшырамайды, уақыт өте қабырғалары жұқармайды. Қазақстанда композиттік газ баллондары сатылымда бар, бірақ олардың бағасы қарапайым газ баллондарынан қымбатырақ.
«Келесі кезеңде ескі баллондарды тұрғындардан жинап, оларды утилизациялау жоспарланып отыр», — дейді Әрінов.
Жаңа ережеге сәйкес жергілікті атқарушы органдар әр ай сайын тұрмыстық газ баллондарының айналымы мен сұйытылған мұнай газының көлемді туралы жиынтық ақпаратты ұсынуға міндетті.
2024 жылы газ баллонның жарылуы салдарынан болған оқиғалар
Естеріңізге сала кетейік, биыл 4 қаңтарда жыл басында Орал қаласындағы «Ризық» дәмханасында газ қоспасы жарылып, қос қабатты ғимарат өртенді. Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды.
2024 жылдың 30 қаңтарында Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Ботақара кентіндегі екі қабатты 12 пәтерлі тұрғын үйде газ баллон жарылды. Төтенше жағдай кезінде екі адам қаза тауып, бесеуі жарақат алды, олардың арасында үш бала бар.
2024 жылдың 17 қарашасында Ақмола облысының Сабынды ауылындағы бұрынғы мешіт ғимаратында газ баллон жарылып, үш адам қаза тапты, оның ішінде 12 жастағы бала бар. Оқиға салдарынан 16 адам зардап шегіп, Астана қалалық ауруханасына жеткізілді. Баллон жарылған сәтте мешітте ас беріліп жатқан. Құтқарушылар қирандылар арасынан алты газ баллонын тапқан.
Газ балондардың жиі жарылуына не себеп?
Біріншіден, газ баллондарын қолдану ережелері мен қауіпсіздік шараларын сақтау, оларды дұрыс пайдалану туралы ақпарат әлі де халыққа жеткіліксіз.
Екіншіден, газ баллондарын толтыру тек мамандандырылған орындарда жүргізілуі тиіс. Алайда, көп жерде газ баллондарын толтыратын арнайы стансалар жоқ, сол себепті халық аутожанармай құю бекеттеріне барады. Аутожанармай құю станцияларында тұрмыстық газды толтыруға тыйым салынған.
Үшіншіден, құзырлы органдар газ баллондарын пайдаланатын нысандар мен үйлерді қатаң бақылауға алып, қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуі қажет. Себебі әлі күнге дейін құжаты жоқ, бос баллондар кей сауда орындарында сатылады.
Төртіншіден, сұйытылған газға арналған баллондарды дайындайтын зауыттар қажет. Арнайы зауыттар баллондарды қадағалап, уақытылы ауыстырмаған соң, мерзімі өтіп кеткен баллондар қолданыста жүр.
Сурет: Pixabay